Бөлтірік баба кесенесі
Бөлтірік баба кесенесі – Талас ауданы, Ойық ауылдық округі, Сейілбек ауылының күншығыс жағында үлкен төбенің үстінде орналасқан. Бұл кесене 1996 жылы әйгілі шешен Бөлтірік Әлменұлының 225 жылдығы қарсаңында сол кездегі Талас ауданының әкімі Балтабай Бекежановтың қолдауымен бой көтерген. Қазіргі таңда айналасы абаттандырылып, төңірегіне тегіс тал-дарақтар егілген. Басына шырақшы белгіленген.
Бөлтірік Әлменұлы – қазаққа кеңінен танымал би, шешен. Шу ауданы, Шоқпар ауылында туған. Көптеген туыстары сол жақта тұрады. Ұрпақтары бар. Жасы келген шағында Ойық ауылына жаугершілік кезеңде қайтыс болған ұлын іздеп келген. Сол уақытта әлсіреп, ауыр жағдайға түсіпті. Ауылына «Мені әурелемей, Ойыққа жерлеңдер. Мұнда да өз ағайындарымыз отыр» деген. Өзінің аманаты бойынша Ойық ауылының аймағындағы құм арасына жерленіп, топырақ бұйырған.
Ойық ауылында 1991 және 1996 жылдары Бөлтірік Әлменұлына арналып ас берілді. Ақындар айтысы өтіп, бәйге, көкпар, қазақ күресі ұйымдастырылды. Үлкен жазушы-ғалымдардың қатысуымен ғылыми конференция өтті. Бұл күнде Ойық ауылында бір орта мектеп Бөлтірік Әлменұлының есімімен аталады.
Бұл кесенеге тек Ойық ауылының тұрғындары ғана емес, облысымыздың әр ауданынан, еліміздің әр түкпірінен жолаушылар келіп, бабаға құран бағыштап, зиярат етеді. Ауылдың мұғалімдері де мектеп оқушыларын жиі апарып, шешеннің тағылымды өмірімен таныстырады.
Әзірлеген Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ.
Талас ауданы