Болыс болған Бұралқы
Еліміз егемендік алып, есімізді жиып, халық болып оң, солымызды тани бастаған отыз жылда өшкеніміз тұтанып, сөнгеніміз жанды. Бұл күнде тарихқа деген көзқарас өзгеріп, өткенді жаңаша пайымдайтын дәуір туды. Бұрын айтылмай жүрген кейбір тұлғалар жалғанның жарығына шығып, халқымен қайта қауышты.
Патша өкіметін тақтан тайдырған большевиктік биліктің қазақ даласына жаппай кеңестендіруді жүргізген «ақтаңдақ жылдары» халықтың санасында қалды. Елдің жайын ойлаған, қара халықтың қамын жеген есіл ерлер опат болды. Солардың бірі – Ағашақ болыстығын он сегіз жыл басқарған Бұралқы Сұлтанбекұлы.
Әкем Тышқанбай Бұралқы болыспен үзеңгілес болған. Жанында көп жүріп, атқосшылық қызмет атқарған. Бұл туралы болысқа жақын ағайын болып келетін ауыл қариялары Нареке, Қасымбай, Кәнібек, Кеубас, Әшім, Әбдірәсіл, Мәдібектердің айтқандарынан естідім. Бұралқы болыстың ауылымен біздің аталарымыздың ауылы аралас, қойы қоралас, жекжат-жұрат болып отырыпты. Жайлауы – Шу өзенінің бойы, қыстауы – Мойынқұмның қалың құмы болған. Болыстың інісі Әбілда қария 1968 жылғы қатты қыста қайтыс болды. 2018 жылы ұлы Жұманбек Бұралқы атасына ас берді.
Бұралқы болысқа ағайын болып келетін, облыстық музейді ұзақ жыл басқарған Күзембай Байбосынов «Бұралқы болыс Романовтардың ел билеудегі 300 жылдық тойына шақырылып, ескерткіш медалін алған» дегені бар.
Болыстың жақын ағайын інісі Әбдірәсіл ақсақал: «Бұралқы екі рет қамалып шықты, соңғысында 9 ай Орал түрмесінде отырып келді. Жағдайы дұрыс болмады. Қызыл белсенділер маза бермеді. Содан сенің әкең оны бір түнде Түркмен еліне алып кетіпті» деген еді.
1917 жылы патша тақтан тайдырылған соң Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш азаматтары Орынбор қаласына жиналып І және ІІ жалпы қазақ съезін өткізіп, Алаш автономиясының жарияланғаны тарихтан белгілі. Елге келген соң әулиеаталық игі жақсылар бас қосып, Әулиеата уездік комитетін құрады, ел басқарудың негізгі мәселелерін талқылайды. Сол жиында Әулиеата уездік комитетінің төрағасы болып Әзімхан Кенесарин (қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымовтың немересі), уезд хатшылығына Мұстафа Бұралқиев тағайындалады. Өкініштісі, билікке келген большевиктер Әулиеата уездік комитетін таратып, мүшелерін қудалай бастайды. Мұстафа Бұралқиев те ұзақ жылға сотталып кете барады.
«Қызыл белсенділер тарапынан Бұралқы болысты қудалау тыйылмады. Біраз уақыт ел ішінде жасырып жүрдім. Ағашақта жалғыз үй отырды. Ағайындары болыстың жақыны деген сөзден қашып, жоламай кетті. Бірде болыс маған «келсін» деген хабар жіберіпті. Бардым. «Тышқанбай, қасымда жүрген сенімді жігіт едің, мына заманның беталысы жаман. Енді ұсталсам не боларым белгісіз, түрмеде иманым үйірілмей, жаназам шығарылмай өлгім келмейді. Мені алыс көз көріп, құлақ естімес жерге алып кет» деді. Содан бір жұма дайындалып, екі жарау айғырмен, керек-жарағымызды қос түпті екі қайыс шабаданға салып, түн жамылып, тірі жанға тіс жармай, темірқазық жұлдызын оң иығыма алып, жолсызбен Түркімен еліне қарай тарттық. Қызылдардың қолына түспеу үшін түнделетіп қана жүріп отырдық. Ұзақ жолды артқа тастап Түркімен еліне де жеттік. Шағын ауылдағы шал-кемпірдің шаңырағына тұрақтадық. Болыс қатты қажыды. Мені жібергісі келмеді. Жағдайы қиындай берді. Сол елде болыс дүниеден қайтты. Ақ жуып арулап қойып, елге қайттым. Елге келген соң жағдайды ет жақын ағайындарына ғана айттым», – деген әкемнің сөзі әлі күнге дейін жадымда жатталып қалыпты.
Ақжар ауылының батыс жағынан Талас өзені ағып өтеді. Ақжар жарқабағынан Сарпылдаққа дейінгі қыраттың етегін бойлай қазылған тоған орны әлі күнге дейін сақталған. Осы тоғанды кезінде Бұралқы болыс «халық отырықшылықпен айналысып, егін ексін» деп қаздырған екен. Тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры болған, марқұм Талас Омарбеков орталық мемлекеттік архивтен Бұралқы болыс ісін (ескіше жазылған) алып, оны криллицаға аудартып, электронды нұсқасын жасатып, баспаға кітап етіп шығару үшін бергенін айтқан болатын. Елдің ардақты ұлы Бұралқы болыс туралы мен білетін мәліметтер осындай.
Айтмаханбет ТЫШҚАНБАЕВ,
білім беру ісінің үздігі.
Байзақ ауданы