Әулиенің басына кісі жерлеу

Салт — дәстүр сөйлейді
Әулиенің басына кісі жерлеу
Түркі даласында Қожа Ахмет Яссауиден басталған «әулиеден шарапат тілеу культі» көшпелі қазақтардың кісі жерлеу ғұрпына да өзгеріс әкелді. Тарих толқынында елге еңбегі сіңген, танымал тұлғаларды Әзірет Сұлтанның басына әкеліп жерлеу дәстүрі пайда болды. Қазіргі таңда соңғы табылған ресми деректерге сәйкес мұнда 170 — ке жуық тұлғалар жерленген. Оның ішінде 25 хан — сұлтандар, 26 би — абыздар, 49 батыр, 60 — тан аса игі жақсылар бар.
Аңыздарды айтпағанда хатқа түсіп, қатталып қалған деректер де баршылық. Солардың бірнешеуін ғана келтіреміз.
Қаз дауысты Қазыбек би 1763 жылдары қыс мезгілінде дүниеден өтеді. Оның денесін былғарымен орап, қыс бойы сөренің үстінде сақтайды. Көктем туғанда Бекболат бастаған елу жігіт бидің денесін Әзірет Сұлтанға әкеліп жерлейді. Басына құлпытас орнатады.
Бөгенбай батыр 95 жастан асқан шағында дүниеден өтіп, денесін Түркістанға жерлеген екен. «Мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мешітіне жерлеу үшін батырдың денесін таза арулап, былғарыға орап, қыс бойы сөреге қойып сақтаған. Абылай ханның жарлығы бойынша 1778 жылы көктемде баласы Тұраналы мен қанжығалы Айтбай Аткелтірұлы бастаған елдің игі жақсылары батырдың сүйегін нарға теңдеп, Түркістанға жеткізіп, Қожа Ахмет Ясауи мешітіне жерлепті».
Қазіргі Торғай өңірінен Ақпанбет батыр әкесі Шақшақұлы Жәнібекті Түркістанға әкеліп жерлеген.
Жоңғар шапқыншылығы кезінде Сайрамда, ұрыс даласында қайтыс болған Шекті Тілеу батырдың денесін баласы Жолдыаяқ батыр Әзірет Сұлтанның қасына жерлейді. Артынша ұлының да денесі әкесінің қасына қойылады. Бұл жайында ел аузында:
Қалмақтар Жетісуды көктей өтіп,
Сайрамды жермен жексен ойран етті.
Жан алып, жан беріскен осы ұрыста
Батыр Тілеу ат үстінде қапы кетті.
Сарбаздары кеңесіп, ақылдасып,
Батыр — бидің сүйегін
Яссауи дүрбесіне табыс етті, – деген өлең нұсқалары сақталған.
Өкінішке орай, КСРО кезінде бұл тарихи тұлғалардың моласы аяусыз қорланған. Басына қойылған белгі тастар жойылған. Соның кесірінен жерленген тұлғалардың толық дерегін білу мүмкін емес. Тіпті, қазақтың ең атақты ханы Абылайдың Яссауи дүрбесіне жерленген мүрдесінің өзін анықтау үлкен дау-дамайға айналды.
КСРО кезінде үзіліп жалғасын таппай қалған ең киелі дәстүрлердің бірі әулиенің жанына кісі жерлеу ғұрпы болды. Осы дәстүрді үлгі етіп, әулиенің басына жерленуге тырысқан бір — ақ танымал тұлға бар. Ол – Өзбекәлі Жәнібеков. Ол кісінің зираты Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы Арыстан бап әулиенің қорымында жатыр.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі