ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жамбылдықтармен кездесті

ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келіп, Тараз қаласындағы бірқатар кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Ерұлан Жамаубаев ең алдымен облыс орталығындағы «Энерджи-Тараз» серіктестігіне бас сұғып, ондағы жұмыс жағдайымен танысты.

Бұдан соң, «Әмір және Д» зауытына барып, әулиеаталық ақ халаттылармен тілдессе, кейінірек көркем гимнастика және үстел теннисі орналасқан спорттық ғимаратқа да барды.

Вице-Премьер-қаржы министрі «Достық» үйінде тараздықтармен кездесіп, тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап берді.

Басқосуда қаржы министрінің орынбасары Абзал Бейсенбекұлы баяндама жасап, көрсеткіштерге және бірқатар мәселелердің шешілу барысына тоқталды.

Сондай-ақ, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сөз алып, бүгінгі таңда облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, биылғы жылдың қаңтар және наурыз айларының қорытындысына сай экономикалық өсім 102,4 пайызды құраған.

— Есепті кезеңде өзіндік кірістер 31,4 миллиард теңгеге орындалып, 56,1 пайызға артты. Инфляция деңгейі наурыз айында 3,1 пайызды құрады. Алғашқы 3 айдың қорытысымен облысқа 69 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 3,1 пайызды құрады. Биыл 572 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 85,4 миллиард теңгеге 500-ге жуық жұмыс орнын құрайтын 21 жеке инвестиялық жоба іске асырылады деп күтілуде, — деді Нұржан Календеров.

Сұрақ-жауап форматында жалғасын тапқан кездесуде тараздықтар өздерін мазалап жүрген сауалдарға нақты жауаптар ала алды.

Жергілікті тұрғындар тарапынан негізінен такси жүргізушілері мен курьерлерге салық салуға, өзге аймаққа тиесілі мердігерлердің жұмысына әрі бюжеттік қызметкерлердің жалақысын өсіруге қатысты мәселелер көтерілді.

Ерұлан Жамаубаев әрбір сұраққа заң аясында жауап беріп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай өзі басшылық ететін министрліктің құзыретінде тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын баса айтты.

Кездесу соңында азаматтарды жеке қабылдаулар ұйымдастырылды.

Айта кетейік, дәл осы күні Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің қатысуымен баспасөз брифингін өткізді.

Жамбыл облысы әкімдігі