ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН НЕСІПКҮЛ

Адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі – еңбексүйгіштік. Адалынан еңбек етіп қана қоймай, айналасына көмегін тигізу, қамқорлығын таныту екінің бірі игеріп кететін оңай шаруа емес. Бүгінгі сөзді дәл сондай өз ісінің маманы, бақытын еңбектен тапқан жан Несіпкүл Байжанова жайында өрбітпекпіз. Табиғатынан болса керек ерінуді білмейтін, таза маңдай термен, жұмысына беріліп кірісетін Н.Байжанованың өзгелерге үлгі, адами қасиетті жоғары қоятын, үлкен жүректі адам екеніне сұхбат барысында тағы да көзіміз жетті. Қайшылықта да, жайшылықта да өз ой-пікірін ашық білдіре алатын, кейінгі жастарға ақылын айтып, көмек қолын созатын асыл жанмен арнайы кездесіп, шаруашылығымен танысып қайттық.
Бүгінгі таңда шаруашылығын дөңгелетіп, ауқымды тірлік атқарып келе жатқан белгілі кәсіпкердің ауданымызға сіңіріп отырған еңбегі ерен.
Т.Рысқұлов ауданының Жамбыл ауылында өмірге келген Несіпкүл Байжанова жастайынан еңбекке араласты. Алғашқы еңбек жолын 1966 жылы өзінің туып-өскен ауылында комсомол жастар бригадасында сауыншы болып бастап, кейіннен қызылша бригадасының звено жетекшісі болған. 1971 жылы отбасылық жағдаймен Бурыл (бұрынғы Ровный) ауылына қоныс аударып, осында жер алып, еңбек етті. 1997 жылы «Байжанова Н» шаруа қожалығын ашады. Алғашқыда 12 гектар жерге алма егіп, одан мол өнім алып отырды. Бертін келе пияз, қызылша, бидай егуді де қолға алады. 1967 жылы Ешенқұл Абитаевпен отау құрды.
— Еңбектің пайдасы – адамды тәрбиелейді, күш береді, қуантады, бақытты етеді, өмір сүруге үйретеді, үнемшіл болуға баулиды, жігерлендіреді, шынықтырады. Жастайымнан еңбекке араласып, тірлік істедім. Еңбектің арқасында қазіргі уақытта киіміміз-көп, қарнымыз-тоқ. Бұрындары жағдай қиындау болатын. Таңның атысы, күннің батысы осы жермен айналысып, арасында балаларды бағып-өсіру оңай болмады. Ол кездері отын да тапшы, жарық та жоқ. Болған күннің өзінде ұзақ уақыт жанбайды. Шамның жарығымен отырып үйдің тіршілігін істеп, таң ата салысымен қайтадан өз жұмысымызға кірісетінбіз. Қазір кей кездері өткен күнді еске алып, шүкір деп отырамыз. Балаларымыз да өсіп, бәрі оқу озаты болды. 4 ұл, 3 қызды бағып-қағып, оқытып, ерте бастан еңбекке баулыдық. Соның арқасында бүгінде балаларым әр саланың маманы. Өкінішке орай жолдасым Ешенқұл жуырда өмірден озып, отбасымызда орны толмас қайғы келді. Неше жыл отасқан жарымнан айырылу маған да оңай тимеді. Бірақ «тірі адам тіршілігін істейді» демекші, өмір әрмен қарай жалғасуда. Үш ұлым Ізбасар, Сәкен, Бекен осы ауыл шаруашылығы саласын толық игеріп, отбасылық кәсіпті жалғастыруда. Биыл 20 гектар жерге бидай, 30 гектар пияз, 40 гектар қызылша тұқымын септік. Мемлекет тарапынан жыл сайын көмек көрудеміз. Соның нәтижесінде биыл да егінге арналған трактор, ауыл шаруашылығына қажетті техникалар алынды. Қарамағымызға қосымша адамдар алып, оларға күніне 4000-5000 теңге көлемінде төлейміз. Жұмысшылар саны өнімге, жерге байланысты 20-60 адамға дейін барады. Сондай-ақ үй маңынан 1000 тонна шаруашылықтан қалған өнімді сақтайтын қойма соқтырдым. Шамамен 30-35 млн. теңге жұмсалған қойманың уақытында өтпей қалған өнімді сақтауға пайдасы мол. Алдағы уақытта тек көкөніс қана емес, мал шаруашылығымен де айналыссақ деп отырмыз,-дейді кәсіпкер.
Бар нәсібін жерден тапқан ананың еңбегі елеусіз қалған емес. Егемен еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқаны үшін республикалық, облыстық, аудандық әртүрлі марапаттарға қол жеткізіп, бүгінде ауданымыздың Құрметті азаматы атанып отыр. Айталық, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерекелік медальдары, министр А. Есімовтің «Үздік ұйым» дипломы, Президент Н.Назарбаевтың Құрмет грамотасы табысталған. Сонымен қатар 1986 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ХVІ съезіне делегат болып қатысса, 2003 жылы облыстық іскер әйелдер құрамында сол кездегі Президентіміз Н.Назарбаевпен кездескен. 2005 жылы Елбасының Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында қабылдауында болып, өмірлік тәжірибелерімен бөліскен.
Болмысы бөлек жан ауыл шаруашылығы, отбасылық өмірден тыс қайырымдылық жұмыстарға белсене араласады. «Асарлатып үй салу» жобасына да үнемі қолдау білдіріп, өз өңіріндегі мектепке де демеушілік танытып отырады.
Қажыр-қайратын, еңбегін ел игілігіне арнап отырған алтын жүректі абзал жан «Қазақстанның Алтын кітабына» енген. Бұл еңбегі кейінгі ұрпаққа қалуы тиіс тұлғаларды бір жинаққа топтастырған, тек үздіктердің үздігі енетін, республика бойынша ешқандай баламасы жоқ, өзгеге ұқсамайтын, өзіндік айтары бар бірден-бір құнды кітап. Осы кітапқа жерлесіміздің есімі енгені аудан үшін де абырой екені анық.
— Адамның тұлғалық қасиетін, қабілетін еңбек қалыптастырады. Адал еңбек етсең өз бақытыңа жетесің, ел алдында абыройға ие боласың. Жерге қызмет етіп, жастайымнан алған бетімнен қайтпағанның нәтижесінде сол еңбектің бейнетін көрудеміз. Бүгінде ұлдарым ғана емес немерелерімді де осы шаруаға үйретіп, ерінбеуді, жалқаулықты еңсеруге үйретудемін. Алдыңнан қандай қиындық кездессе де жеңіп шығу әр адамның төзіміне байланысты. Келешек ұрпаққа да айтарым жастай алған бетіңнен қайтпай, адал жұмыс атқарар болса, кейін өмірден өз орнын табу оңайға соқпақ. Еңбек етіп Жер-анаға қол ұшын созсақ, Жер ананың бізге берері көп,-деп сөзін түйіндеді абзал ана.
Сауапты іспен қатар шаруасын тыңғылықты атқарып отырған Несіпкүл Байжанованың адами қадір-қасиетіне, адамгершілігіне біз де риза болып қайттық. Өмірден алған үлкен сабақтарымен бөлісіп, көпке үлгі болып жүрген еңбек адамына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Арайлым Нарбатырова