Депутат 4 баласы бар әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендетуді ұсынды

Депутат Гаухар Танашева 4 баласы бар әйелдердің зейнетке шығу жасын 53-ке төмендетуді ұсынды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Танашева бүгінде көпбалалы отбасылардың саны 530 мыңнан асатынын атап өтті. 

«Елімізде кәмелетке толмаған балалардың жалпы саны шамамен 6,5 миллион. Оның жартысынан көбі көпбалалы отбасынан шыққан балалар», — дейді депутат. 

Гаухар Танашеваның сөзінше, бірқатар мәселені шешу үшін неке және отбасы заңында көпбалалы отбасы мәртебесін өмір бойы бекіткен жөн. 

«Төрт және одан да көп баласы бар ата-аналарға балалардың жасына қарамастан, көпбалалыларға берілетін жәрдемақыны кіші бала кәмелетке толғанға дейін беруді қарастыруды ұсынамыз. Екінші ұсыныс — төрт бала тәрбиелеп отырған көпбалалы әйелдердің зейнеткерлік жасын 53 жасқа дейін төмендету керек», — дейді депутат Мәжіліс отырысында. 

Айта кетейік, қазіргі заңнамаға сәйкес, бес немесе одан көп бала туып, асырап алған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналар ғана 53 жасында зейнетке шыға алады.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/basty-zhaalytar-438/82763/?fbclid=IwAR3_R82YwyvCobAGsFdyjgT-WRHycPMV4lLPCkoH3YSBEkhxUeZqrMO1tWY