Қобыз – заманауи скрипканың арғы тегі…
Жуырда ҚР Ұлттық музейінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Оған ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, еліміздегі шетелдік елшілер қатысқан болатын. Жиын барысында зиялы қауым өкілдері Ұлттық музей ұйымдастырған ұлтымыздың мәртебесін көтерер екі бірдей қуанышқа куә болды. Оның бірі халық жадынан ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдар болса, екіншісі Еуропа елдерін сиқырлы саздарымен таңқалдырып жүрген, Қазақстандық Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік шекті аспаптар квартетінің ұлттық музыканы дәріптеген жаңа музыкалық альбомы. Жиын соңында ұлттық өнеріміздің жандануына күш салып жүрген «Divox» компаниясының директоры Вольфрам Бургерт мырзамен тілмәш арқылы сөйлесудің орай келді. Емен-жарқын әңгімесіне қарап, дархан мінезді, ақкөңіл кісі ме дедік. Сұрақтарымызға тиянақты жауап беруге тырысқаны: шетелдіктерге тән бұқаралық ақпарат құралдарына құрметі деп түсіндік.
-Құрметті Вольфрам Бургерт мырза, сіз Ғазиза Жұбанова атындағы квартеттің музыкалық альбомының шығуына ат салысып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына үлкен тарту жасап отырсыз. Сіздің бұл игі ісіңіз, қазақ өнеріне көрсетілген құрмет деп білеміз.
-Рахмет, сіздерге. Менің азғантай жақсылығымды таудай қылып көтеріп жатқандарыңызға. Шынымды айтайын, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына «музыка өнері» тарапынан қолғабыс көрсету мен үшін үлкен мәртебе. Орасан қуаныш. Сол себепті баршаңызға алғыс айтамын. Сосын бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық Музейінің директоры Дархан Мынбайға ерекше ризашылығымды білдіремін.
-Өзіңіз жайлы аз-маз айта кетсеңіз?
-Сенсеңіз, өзімді дәріптеуге жоқ адаммын. Қарапайым жұрт қатарлы тіршілік кешіп келемін. Өнерді ұлтқа бөлмеймін. Оның тілі көпке ортақ деп пайымдаймын. Өзім Швейцариядағы музыка дыбысжазу компаниясының жетекшісімін. Бар ғұмырымды әмбебап музыка әлемін зерттеуге арнасам деймін…
-Көптің көкейінде жүрген сауал деп біліңіз. Өзіңіз демеушілік танытып, қолдау білдіріп жүрген Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартетімен қалай таныстыңыз? Өнерлі жастар әлемде аз емес. Неліктен таңдау оларға түсті? Қазақ квартеті сізді қалай баурап алды?
-Менің қазақстандық музыканттармен алғашқы кездесуім осыдан 4 жыл бұрын болды. Ол кезде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті Базель қаласында профессор Райнер Шмидтен тәлім-тәрбие мен сабақтар алып жүрген болатын. Бірде Райнер Шмидт достарының басын қосты. Шақырылғандардың ішінде мен де болдым. «Райнер Шмидт кім?» дегендерге айтарым: ол Зальцбургтегі әйгілі «Хаген» квартетінің мүшесі. Біз кездескен осы кеште Еуропа мен Азияның түрлі елдерінен келген азаматтар музыкалық аспаптарда керемет өнер көрсетті. Соған қарамастан, тек бір ғана ансамбль толығымен көңілімнен шықты. Маған беймәлім екі ішекті аспапта ойнаған квартет Феликс Мендельсон Бартольдидің шығармасын орындады. Шығарма өте әсерлі орындалып жүрекке ерекше сезім ұялатты. Бұл шығарманың неміс романтизіміне эмоционалды жақындығы айқын байқалды. Ал мені таң қалдырған аталмыш төрт музыкант Қазақстаннан еді! Бұл азаматтардың бойындағы өнерге деген «өлермендік» олардың балалық шақтарымен, олардың туған өлкесімен тікелей байланысты еді. Өзге музыканттар жақсы өнер көрсеткенімен оларға маңызды бір нәрсе жетпеді, ол – табиғилық пен шынайылық.
Сол себептен, көп ойланбай өзіме ұнаған квартетпен танысуға бел байладым. Осылайша виолончелист Ернар Мыңтаев мырзаға барып, бірігіп жұмыс жасауға шақырдым. Көп ойланбай Мендельсонды жаздық, әрі қарай ісіміз жалғасын таба берді…
-Сөзіңізге қарасақ, қазақтың жері мен мәдениетіне бұрыннан қанық адам секілдісіз. Айтыңызшы, Сізге Қазақ елі бұрыннан таныс па еді? Әсем Астана қаласына жолыңыз қалай түсті?
-Әрине, Қазақ елі жайлы мәлімет аз да болса бар еді. Бірақ бұл елді көрудің сәті түспеді. Әлемге белгілі қазақ квартетінің арқасында және шығармашылық құлшыныстың нәтижесінде, Астана қаласына бірінші сапарым 2012 жылы қазан айына тура келді. Осы сапар барысында, Әлқуат Қазақбаев ұйымдастырған музыкалық академияның арнайы музыкалық бағдарламасын тыңдаудың сәті түсті. Сол сапарымда қазақ халқының домбыра және қобыз сынды аспаптарымен жете таныстым. Шынымды айтайын, қазақ музыкалық аспаптарына үлкен қызығушылығым артты. Мені қызықтырғаны – қобыз. Бәлкім, ол бүгінгі заманауи скрипканың арғы ата тегі болар. Оған күмәнім жоқ. Көне заманнан бері келе жатқан қобыз қазақ халқының музыкалық мұрасының бастауы секілді көрінеді маған…
КВАРТЕТТІҢ ЖАҢА АЛБОМЫ – ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ТОЛЫ
-Жаңа сөзіңіздің басында Қазақстандық квартетпен бірге жұмыс жасауға тілек білдіргеніңіз жайлы айтып қалдыңыз? Сол әңгімені жалғастырсақ. Музыка мұраларын жинақтау барысындағы жұмыстарыңыз қалай жүзеге асып жатыр?
-Ризашылықпен, шүкірлік айтамын. Тәубә! Осы кездесулердің нәтижесінде бүгінгі таңда музыка мұраларына байланысты 2 жинақты дүниеге алып келдік: Бірінші нәтижелі жемісіміз: «Ұлы дала әуендері» атты жинақ. Ол IX ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейінгі уақыт аралығындағы музыка мұрасын қамтиды. Бұл жинақ Қорқыттың әйгілі «Қоңырынан» басталып, Сүйінбай, Тәттімбет, Мөмбеков, Желдібаев және Қазақбаев сынды күйшілердің туындыларымен жалғасады. Өзім камералық музыканың продюсері болғандықтан, Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің репертуарына назар салу мен үшін өте маңызды. Сол себептен, екінші дискіні «Қазақ классикалық музыкасы», деп атадық. Бұл жинаққа ұлы композитор Ғазиза Жұбанова және Арман Жайым секілді болашағы зор талантты композиторлардың шығармалары енді.
Ауызбіршілігіміздің арқасында еңбегіміз жемісті болып аталмыш жинақтар дүниге келді. Бүгін біз ресми түрде жинақтарымызды үлкен мақтанышпен таныстырғымыз келіп отыр. Бүгінгі іс-шарамыз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналады және жалпы қазақ халқының музыка өнеріндегі байлығының халықаралық музыка сахнасында таралуына жаңа серпін беретініне сенімдімін. Жалтақтамай айта аламын: квартеттің жаңа албомы – жаңашылдыққа толы!
-Бүгінгі жаңа заманауи технологиямен шығып, көпшілікке таныстырылып жатқан Super-Audio CD’s атты қораптағы CD-дискілері шынымен-ақ тартымды екен?…
—Рахмет. Мақтанды демеңіздер, Super-Audio CD’s атты қораптағы CD-дискілерін тыңдаған жан керемет стереосигнал әсерін сезінеді. Мультиплеер арқылы дискінің 2-ші қабатын тыңдай отырып 6 музыкалық туындыны 5,1 амплификатор арқылы 3 өлшемде тыңдауға мүмкіндік алады.
-Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін, сыртқы пішініне қарап –ақ CD-дискілерінің сапасы күшті екенін аңғару қиын емес. Музыкалық шығарманың табиғи дауысын сақтап, дискіге түсіру үлкен жұмыс. Үлкен жауапкершілік. Осы мақсатта сұрай кетейін, дыбыс жазуға қай елді таңдадыңыздар?
-Үлкен мәселені қозғап отырсыз. 2015 жылғы қазан айында Мәскеу қаласындағы дыбысжазу сессиясы кезінде 36 дыбыс арнасын беретін 36 микрофонмен жұмыс жасадық. Аталмыш құрылғылар әртүрлі дыбыс көздерін теңдестіруге үлкен септігін тигізді. Кеңістіктің 3 өлшемінің бірдей қамтылуы – біздің дыбысжазбаларымызды ерекше етті. Осыған байланысты 10 жыл бұрын арнайы «aurophony» аурофони терминін жасап едім. Оның да пайдасы тиді. Бұл технологияны қолдана отырып жазылған дыбыс нәтижесінде керемет әсер алып, оны кеңістікке шығаруға мүмкіндік ашылды. Ол үшін әр кеңістікке 2 колонкадан, жалпы 6 колонка орнату қажеттігі туындады.
Бүгінгі жазбалардың технологиялық ерекшеліктеріне байланысты ескеретін 2 нәрсені айтып өтейін. Сіздердің елдеріңізде дамудың рухы сезіледі – алда келе жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі соның дәлелі болып табылады. Сіздерде ұлттық құндылықтарды, өнерді сақтаумен қатар, заманауи технологиялардың дамуына деген құштарлық айқын байқалады.
-Соңғы сауал: Вольфрам Бургерт мырза, Қазақта «сырт көз сыншы» деген аталы сөз бар. Айтыңызшы, Қазақстан мен Швейцария арасында қандай да бір ұқсастық бар ма? Болмаса керісінше…?
-Қазақстан мен Швейцария мемлекеттерінің арасындағы географиялық айырмашылыққа қарамастан, екі ел арасында бірқатар ұқсастықтар бар. Оның бірі, Тәуелсіздік жылдарындағы даму жолдарымыз болып табылады. Ол ұзақ әңгіме. Екінші, менің ойымша, музыкалық мектептерге және әртүрлі музыкалық ұжымдарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жағы. Ол сіздерде бар. Осы ретте, атап айтсам, Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті ел бірлігіне қызмет жасауда. Себебі, музыка тілі әмбебап тіл ғой. Ол тағы айтамын: ұлтқа, жікке бөлінбейді.
-Алтын уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рахмет айтамыз.
Вольфрам Бургерт: Сіздерге де рахмет, біздің жұмысымызға қызығушылық танытқандарыңыз үшін!
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
Қазақстан-ZAMAN газеті