«МАҒЖАН ОҚУЛАРЫНЫҢ» ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Қаладағы мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталықта Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай жалпы білім беретін мектеп оқушыларының арасында республикалық «Мағжан оқулары» ғылыми-шығармашылық байқауы өтті.
Байқауға 7-11-сынып оқушылары қатысты. Жарыс үш номинация бойынша өткізілді. Оның біріншісі – «Өлең менің Шолпаным, айым, күнім» атты Мағжан шығармаларын жатқа оқу конкурсы, екіншісі –
«Жасынан оқу оқып, өнер қуған» атты ғылыми жоба жұмысы. Мұнда оқушылар өздерінің Мағжан шығармаларын зерттеу барысын айтса, үшінші «Ақында бір бала ғой айға ұмтылған» атты жас дарындардың өз шығармаларын оқу конкурсы.
– Мағжан – поэзия әлеміндегі жарық жұлдыз, қайталанбас құбылыс. Ол – қазақ поэзиясында жарқын жырларымен от шашып, өшпес із қалдырған тұлға. Ақынның лирикаға толы жырлары мен өміршең дастандары ұрпақ санасында мәңгі жаңғыруда. Саяси қуғын-сүргін құрбанына айналған асылымыздың асқар шыңы мәңгі аласармайды, – деді облыстық білім басқармасының бастығы Мейірхан Өмірбек.
Аталған конкурсқа қатысушыларға қазылық ету үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының доценті, Ақторғын Карибекова сияқты білікті ұстаздар шақырылса, облыстық «AR-AI» жастар газетінің тілшісі, ақын Нұржан Әліш те жас ақындарды бағалауда өз үлесін қосты.
Соңында қазылар алқасының шешімімен Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектептің түлегі Еркеназ Шәріпхан I орынды иеленіп, II орынды Меркі ауданынан келген №16 жалпы орта білім беретін мектебі мен Талас аудандық Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептен келген Тұрсынай Батырбекқызы бөлісіп алды. Ал III орынды Қордай ауданының Т.Рысқұлов атындағы №23 орта мектебінен келген Абай Мәтілбай, Сарысу ауданының Досбол ауылдық орта мектебінен келген Ғалымжан Назбай, Тараз қаласындағы М.Жұмабаев атындағы №21 орта мектептен келген Жансая Қамархан және дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей оқушысы Аяла Әділет өзара бөлісті.
Жанар ИСАБАЕВА,
облыс әкімдігі білім басқармасы
«Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының қызметкері