Мал құжатсыз сатылмайды
Азық-түлік қауіпсіздігі – ел тәуелсіздігінің, еркін дамуы мен халқының әл-ауқатының артуының кепілі. Бүгінгі таңда ауылшаруашылықты мемлекеттік қолдау арқылы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған біраз жұмыс атқарылуда.
Малбазарларға қойылатын талаптар жайлы халық көп біле бермейді. Онда «Сату және сатып алу туралы мал иелеріне қандай талаптар қойылады?» деген сауал көпшілікті толғандыратыны анық.
Мәселен, ҚР «Ветеринария туралы» Заңындағы 32-баптың талаптары бойынша, үй жануарларының барлығы бірдейлендірілуі тиіс және дерекқор базасына енуі қажет. Осыған сәйкес базарға сатылымға шығатын малдың иесі тұрғылықты жерiнiң қолайлы аймақ екенi жөнiнде ветеринарлық анықтама мен жануардың төлқұжатын, аса қауiптi жұқпалы ауруларға қарсы егу iс-шарасы туралы мәлiметтi көрсетуi тиiс. Iрi қара, уақ малдарда сырға, жылқы малында таңба немесе чип болуы қажет. Талапқа сәйкес базар аумағына ешқандай мал құжатсыз кіргізілмеуі шарт. Себебі бұл – түліктің ауру не сау екені туралы мәлімет беретін бірден-бір маңызды құжат.
Әрбір аудан ветеринариялық станса, ауылдық округтер ветеринариялық пунктпен және мамандармен толық қамтамасыз етілген. Тиісті аумақтың малдәрігерлері өзіне бөлінген елді мекеннің ауылшаруашылық жануарларының ауруға шалдықпауын қадағалайды. Бұрынғы мен қазіргі жағдайды салыстырсақ, бүгінгі күні малдың ауру болуы, ең алдымен, сол малдың иесін алаңдатады. Қазіргі таңда төрт түлік халықтың жекеменшігінде. Ауру мал шықса, дереу бақылауға алынып, өзге өңірге тарап кетпеуі үшін ветеринарлық жұмыстар жүргізілді. Вакцина жеткілікті. Бүгінде бір ауданда қанша мал бар, соған орай ғана аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы егілетін вакцина беріледі. Малбазарға сатуға келген жануарлардың ветеринариялық анықтамасы, ветеринариялық төлқұжаты малбазардағы ветеринариялық маманның дерекқор базасы арқылы салыстырғаннан кейін малды сатып алған иесіне беріледі. Сол құжат арқылы мал иесі өзінің атына тіркейді. Жоғарыда көрсетiлген құжаттар болмаған жағдайда төрт түлiк малбазарларға сатылымға жiберiлмейдi. Бұл жөнiнде сауда орнының кiреберiсiне және баспасөз беттерінде хабарлама ұдайы беріліп тұрады.
Осы заң талаптарының сақталуы халық арасында аса қауiптi жұқпалы iндеттердiң таралуын болдырмауға және мал ұрлығының алдын алуға мүмкiндiк бередi. Ветеринарлық қауiпсiздiк – халықтың саулығын сақтаудағы маңызды қадам.
Асқар ТОХАБАЕВ,
облыс әкімдігі ветеринария
басқармасы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы