ТҰМАР ПАТШАЙЫМ ТУРАЛЫ ҚИССА
Белгілі ғалым, жазушы-журналист һәм ақын Меңдібай Әбілұлы бірнеше жылдан бері қазақ балалар әдебиетінің тарихын ежелгі дәуірден бастау қажеттігі жайында мәселе көтеріп, филолог ғалымдарға ой салып жүргені аян. Ол балалар әдебиетінің тарихын ежелгі сақ, ғұн, үйсін-қаңлы дәуірлерінен бастап, «Исламдық түркі дәуіріндегі балалар әдебиеті», «Алтын Орда-Қыпшақ дәуіріндегі балалар әдебиеті», «Қазақ хандығы дәуіріндегі балалар әдебиеті (ХV-ХVІІІ ғасырлар)» деп бірнеше тарихи кезеңге бөледі.
Біздің зерттеу еңбегіміздің ғылыми тұжырымдарына негіз болатын мәселе қазақ ауыз әдебиетіндегі қисса жанрының қалыптасуы мен М.Әбілұлының «Тұмар патшайым туралы қисса» атты шығармасы жайлы болмақ.
Қисса – қазақ дүниетанымының қалыптасуына тікелей ықпал еткен ортағасырлық әдеби жанр. Қисса айту дәстүрі Алтын Орда дәуірінде қарқынды дамып, түркі-ислам өркениетінің негізін қалыптастырған. Академик В.Радлов «Бір қиссаның құдіреті жүз молданың уағызынан артық» деп баға береді.
Кеңестік дәуірде өлеңмен және қарасөзбен кезектесе жазылатын, айтылатын бұл әдеби жанр тоқырауға ұшырады. Біздің ұлттық құндылықтарымыздың аяқасты болуы, кеңестік социалистік реализмнің басымдық танытатыны осы дәуірден басталды. Қиссаны бірлі-жарым ақындар ғана жазғандықтан осы жанрды дамыту көзделмеді. Тәуелсіздіктен кейін өлең және қарасөзбен жазылатын руханиятымызға қажетті қиссаны қайта жаңғыртуда еңбектеніп жүрген М.Әбілұлының ізденісі атап өтуге лайық. Ол балалар мен жасөспірімдердің әдебиетке деген құштарлығын арттырудың кілті – өлең және қарасөзбен жазылатын, ауызша айтылатын қиссада деп танымдық қабілет көрсетті. Осы пікірін нақтылау мақсатында «Алып Тарғытай туралы», «Анарыс Қоңырұлы», «Мөде қаған туралы», «Алтын домбыра туралы», «Тұмар патшайым», тағы басқа қырықтан астам қисса жазды. Бір атап өтерлік жайт – М.Әбілұлының қиссаларының басым көпшілігі тарихи қиссаларға жататындығы.
Осы мақаламызда М.Әбілұлының «Тұмар патшайым» қиссасын тілге тиек етпекпіз. Бұл балаларға арнап жазылған шығарма. Қиссада сақтардың батыр әйелі Тұмар патшайымның ерлік ісі өз дәуірінде әлемге жайылғаны, «жеңілмейтін» парсы патшасы Кирдің басын кескені, жалғыз ұлы Спаргапистің кегін алуы қызықты сюжеттермен, балаларға түсінікті тілде баяндалады.
М.Әбілұлының «Тұмар патшайым туралы қисса» шығармасы қазақ оқырмандарын, әсіресе балалардың қызығушылығын тудырды. Себебі М.Әбілұлы қисса жанрын қайта жаңғыртып, рухани байлығымызды дамытуда еңбектеніп жүр. «О, құрметті оқырманым, бұл дастанды жазар алдында көп ойландым, көп ойланып, қаламымды қолға алдым. Ойланғаным – алға қойған мақсатыма жетсем дедім, өскелең ұрпақтардың санасына Тұмар патшайымның ерлігін жеткізсем дедім. Батыстан қаптап келе жатқан ақпараттар ағынына осы шығармаларым қарсылық етер дедім, техногендік өркениетке ата-бабаларымның ежелден келе жатқан әдеби дәстүрін қарсы қойдым» деп басталатын «Тұмар патшайым» қиссасы ә дегеннен әдебиетші қауымның жылы лебізіне бөленді. М.Әбілұлының «Тұмар патшайым» қиссасы ең алғаш 2006 жылы 27 ақпанда А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Тараз институтының «Ясауи тағылымы» газетінде жарияланды.
Парсы патшасы Кир Тұмар патшайымға: «Менің әйелім боласың, әйтпесе еліңді қанға бөктіремін», деп айбат шегеді. Сонда Тұмар патшайым жауынгерлерін Кир патшаның әскерлеріне қарсы шабуылға бастайды. Қиссада бұл былайша сипатталады: «Сонда Тұмар ханымның сарбаздарына жігер беріп сөйлеп тұрған сөзі екен дейді:
Кир патша сұмдық басынды,
Білекке қылыш асынды.
Арам ойын мақұлдап,
Имеймін мен басымды.
Соғысқа сылтау іздеді,
Бейбіт жатқан елімнің,
Мақсатын арам сезбеді.
Бейбіт өмір арман ед,
Алыбымыз арлан ед.
Қыздарымыз сүйкімді,
Жер еркесі – бағлан ед.
Ұлдарымыз – ержүрек,
Даланың мықты тарланы ед.
Қариялар шешен де,
Ақылы дария көсем ед… (М.Әбілұлы, «Тұмар патшайым туралы қисса», «Ясауи тағылымы» газеті, №1, 27 ақпан, 2006 жыл).
Парсы патшасы Кир Тұмардың баласы Спаргапистің әскерлерін жайратып салған соң оны тұтқындайды. Тұтқынға түскен Спаргапис қорлыққа шыдай алмай өзін қанжармен шауып өлтіреді. Бұған шыдамаған Тұмар патшайым жауынгерлерін Кирге қарсы соғысқа көтереді: «…Парсы патшасы Кирдің қолынан қаза тапқан ұлының өліміне Тұмар қатты қайғырды. Бүкіл елі қайғырды. Тұмар қайғырып көп жатпады. Есін жинады. «Жаудан кек аламын» деп қайраттанды. «Ұлымның кегін аламын!» деп қайраттанды. Айға айқайлап серт айтты. Күнге айқайлап серт айтты. Көкке айқайлап серт айтты…
Айбалтасын егеді,
Бүкіл елге жар салды.
– Басымнан қайғы кеткен жоқ,
Жебем жауға жеткен жоқ.
Кир патшасын парсының
Қанын әзір төккем жоқ.
Тыңдасаңдар халайық,
Кир патшаны табамын.
Басын оның аламын,
Кегін алам баламның.
Кегін алам даламның…»
Міне, Тұмар патшайымның басқыншы Кирге деген өшпенділігін М.Әбілұлы осылай баяндайды.
2008 жылы Алматыдағы «Полиграфия-сервис және К» атты баспадан М.Әбілұлының қиссалары «Меңдібайдың қиссалары» деген атпен жинақ болып жарық көрді. Бұл қазақ әдебиетінде болған тосын жаңалық еді.
Филология ғылымдарының кандидаты Э.Пертаева М.Әбілұлының қиссалары туралы: «Меңдібай Әбілұлының қиссалары жайында ғалымдар Т.Тебегенов, И.Жеменей, Р.Садықбеков, С.Құлбарақ, Т.Мұқашев, тағы басқалары тұшымды пікірлер айтты.
Э.Пертаева «Меңдібай Әбілұлының балаларға арналған әдеби туындылары» атты кітапта (Тараз, 2018 жыл, бірінші кітап, 21-бет) «Меңдібай Әбілұлы қазақ балалар әдебиетінің тарихына ұмытылып бара жатқан қисса жанрын қайта енгізді.
Сақтардың батыр қызы Тұмар патшайымның ерлік істері үлкен шабытпен жырланады… Тұмардың парсының патшасы Кирге айтқан сөзіне риза болып, шығарманы тебірене оқып отырасың.
– Ей, Кир патша, қанқұмар,
Көздеріңде қан тұнар.
Тұмар патшайым қозғалса,
Ауызыңды қан қылар.
Қалың парсы таң қалар,
Құрыдық деп зар жылар!
Жүрген жерің тар болар,
Алдың терең ор болар,
Артың биік жар болар!
Семсер алса Тұмарың,
Сықсырың толы қан болар!..
Сақтардың батыр әйелі Тұмар патшайым туралы әлем жазушылары бірнеше әдеби шығармалар жазды. Ал бұл әдеби қисса Тұмар патшайым туралы алғаш рет жазылып отыр. Шығарманың құндылығы да осында…», деп жазды.
Ал М.Әбілұлының «Тұмар патшайым туралы қисса» шығармасы жайлы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Ғ.Мүсіреп, филология ғылымдарының докторы Қ.Молғаждаров, әдебиетшілер М.Әлсейітов, К.Қайрұлла, З.Қазжанова, С.Естемесова, С.Сейтжанов, тағы басқалар өз пікірлерін білдірді.
«Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Ғ.Мүсіреп «Тұмар патшайым туралы қисса» шығармасы туралы былай деп жазады: «Меңдібай «Тұмар патшайым туралы қисса» шығармасында көне қиссалардағы оқиғалардың баяндалу тәсілін қолданады. Ұлан-ғайыр сақ даласын жаулап алмақ болған Кир патша айламен Тұмардың баласы Спаргаписті қолға түсіреді. Жау қолында қаза тапқан баласының кегін алу үшін жорыққа шыққан Тұмар патшайымның қайғылы хәлі қиссада былайша сипатталады: «…Аспанды бұлт торлады. Тұмардың қайғысына Ай да ортақ болды, Күн де ортақ болды. Ұлан-ғайыр дала да ортақ болды, биік дуалдармен қоршалған қала да ортақ болды. Тұмардың қайғысына таулар, ормандар теңселді. Құстар шарқ ұрды. Теңіздерде алып толқындар пайда болды. Тұмарға бұл күн қаралы күн болды. Бұл күн тек Тұмарға ғана емес, бүкіл сақтарға қаралы күн болды. Тұмарға жарық күн де түн болды, түн де түн болды. Тұмардың баласынан айырылуы сақ әскерлеріне мін болды.
Ұмытпады ел бұл күнді,
Сақ даласы сілкінді.
Бесіктегі сәбилер,
«Босат мені!» деп бұлқынды.
Он үштегі қыздар да,
Атқа қонып жұлқынды!
Тұмар бүкіл аруағын,
Атқа мініп шақырды.
Ормандағы арыстан,
«Жол болсын!» деп ақырды.
Жол торыған жолбарыс,
Қарағайға атылды… (Ғ.Мүсіреп, «Ұлт руханиятының жоқшысы», «Филология ғылымы: инновация, философия және саяси-әлеуметтік мәселелер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары», 10-11 желтоқсан, 2020 жыл, 126- бет).
Ұмытылып бара жатқан қисса жанрын қайта жаңғыртып, ұлтымыздың руханиятын молайтуға қомақты үлес қосып жүрген М.Әбілұлының қаламынан әлі де талай прозалық, поэзиялық туындылардың дүниеге келетініне сенеміз. Өскелең ұрпақты ұлтжанды етіп тәрбиелеуде оның қаламынан туған рухани дүниелер ұлттық идеологиямызға үлес болатыны сөзсіз.
Ғалым ҚАЗЖАНОВ,
педагогика ғылымдарының магистрі, Шерхан Мұртаза
атындағы Халықаралық
Тараз инновациялық институтының академиялық саясат басқармасы
«Электронды диспетчерлік» секторының жетекшісі