АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА СЕМИНАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
2019 жылы Президент қолдап, Үкімет қаржыландырған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы бүгінге арнайы бағдарламаға айналып, республика көлемінде «Ауыл Аманаты» атауымен іске асырылуда.
Осыған байланысты Әулиеата жерінде қанат қаққан жобаның тиімділігі қандай, нендей шаралар атқару қажет, оның шарапатын көру үшін ауыл тұрғындары не істеулері керек, несиелендірудің негізгі талаптары сияқты мәселерге арналған оқыту семинары ұйымдастырылды.
Еліміздің 15 облысынан келген қатысушыларға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдермен бірге Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы және «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшылығы мен қызметкерлері жоба шеңберінде жұмысты ұйымдастырудағы өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен бірге, барлық қатысушыларға жобаларды, НҚА-ны іске асыру бойынша ұсыныстары бар құжаттар пакеті және жұмыс тәжірибесінен сәтті кейстер туралы ақпараттар ұсынылды.
Айта кету керек, «Ауыл аманаты» бағдарламасына 2023 жылы 100 млрд. теңге қарастырылған. Бұл ауыл тұрғындарына 2,5%-бен 17 мыңнан астам жеңілдетілген шағын несие беруге және ауылда 18 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Жалпы, 7 жыл ішінде бағдарламаға 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамтып және оларды кооперативтік кәсіпкерлікке тарту, сондай-ақ 350 мыңға жуық жұмыс орнын құра отырып, 1 трлн. теңгеге дейін бағыттау жоспарланып отыр.
«Ауыл аманаты» — әр облыс әкімдіктері оны өңірдің ерекшеліктеріне бейімдеуі үшін өте икемді бағдарлама. Жергілікті жерлерде мемлекеттік органдардың белгілі бір ауылдық округтің және жалпы облыстың қажеттіліктерін ескере отырып, несиелендірілетін жобалар бойынша басымдықтарды дұрыс қоюы маңызды», — деп атап өтті АШМ Қаржы құралдары және микрокредит беру департаментінің директоры Тұрар Мұхамеджанов.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы және «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен ұйымдастырылған оқыту семинары екі күнге жоспарланған.
Ертең семинарға қатысушылар Тараз қаласындағы гидропоника жобасымен және Жуалы ауданы, Ақсай ауылындағы жоба аясында іске асырылған бағыттардың барысымен танысады.
Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы