ЖОЛ АЗАБЫН ЖҮРГЕН БІЛЕДІ

Өңірлерді байланыстыратын күре жолдың да, ауыл-ауылға қатынайтын қара жолдың да жанға жайлы болғаны қандай жақсы?! «Жол азабын жүрген біледі» дегендей, аймақтағы шешімін күткен күрделі мәселелердің бірегейі автокөлік жолдарының жайы.«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес пен Партиялық бақылау комиссиясы мүшелері Жуалы ауданында жол жөндеу жұмыстарының барысын назарға алды.

Партияның сайлауалды бағдарламасында аймақтағы сапалы жолдардың үлесін арттыру мәселесіне баса мән бердік. Бұқараға берген уәде бұлжытпай орындалады.

Мәселен, Жуалы ауданындағы Күйік-Теріс-Ащыбұлақ жолын орташа жөндеу жұмыстары. Өткен жылдың мамыр айында басталған жөндеу жұмыстарын «Жол де люкс» ЖШС жүргізген. Құны 362,9 миллион теңге тұратын жұмыс былтыр қараша айында аяқталған. Жөндеу жұмыстары бір жылға жетер-жетпес кеткен кемшіліктер анықталуда. Яғни, жалпы ұзындығы 10,6 шақырым болатын жолдың 45 метрі жарамсыз болып қалған.

Бүгінгі күні кеткен кемшілікті мердігер компания бірден қалпына келтіру үстінде. Осы орайда, партиялық бақылау комиссия мүшелері кемшіліктерді 1 шілдеге дейін қалпына келтіру бойынша ұсыныс берді. Сондай-ақ, белгіленген уақытқа дейін серіктестік жол белгілерін де сапалы орнатуды өз міндеттеріне алды.

Жолдарды қалпына келтіру және оны күрделі жөндеуден өткізу аса өзекті мәселе. Осы орайда, жөндеу жұмыстары әрдайым партия назарында екенін айтқым келеді. Сондай-ақ, оған бақылау жүргізуге тұрғындарды да шақырамын. Себебі, мердігер кетеді, жол қалады.

Марат Нарымбек