Қуатты әскер — ел қорғаны

Жауынгерлердің дайындығын пысықтап отыру – қалыптасқан дәстүр. Бұл жолғы дайындықтың ерекшелігі, онда әскери борышын өтеп жүргендер емес, түрлі салада қызмет етіп отырған әскери міндеттілермен өткізілуі. №91768 әскери бөлімінің «Теріс-Ащыбұлақ» полигонында ұйымдастырылған «Жуалы-2023» тактикалық оқу- жаттығуына 100 әскери міндетті қатысып, бір аптада өздерінің шеберліктерін шыңдады.

«Теріс-Ащыбұлақ» полигонында өткен тактикалық оқу-жаттығуының жабылу салтанатына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерінің қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев қатысып, әскери қару- жарақтардың және жас сарбаздар мен әскери міндеттілердің дайындығымен танысты.

Оқу-жаттығу альпинист бөлімі сарбаздарының жардан өту тактикалық іс-шарасымен басталып, жауынгерлер өздерінің дайындығының жоғары екенін танытты. Бұдан кейін таулы-егерлі полк жауынгерлерінің де шеберлігі назардан тыс қалмады. Олар ат үстінде түрлі трюктер көрсетіп, өздерінің қырағылықтары мен соғыс өнерін шебер меңгергендерін дәлелдеді.

– Бұл полктің таулы аймақтағы шекара күзетінің берік болуына қосып отырған үлесі ерекше. Осы полктің арқасында шекара қызметкерлерінің жұмысы жеңілдей түсті. Жылқылардың да үйренгені көрініп тұр. Қазір бұл полкте қызмет етіп жатқан сарбаздардың 50 пайызға жуығы келісімшарт негізінде қызмет атқаратындар, 20 пайызы офицерлер, 27 пайызы әскер қатарына жаңа шақырылғандар, – дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерінің қолбасшысы Мереке Көшекбаев.

Соғыс құралдарының дайындығы, жылжымалы пулемёт, гранатамёт, мергендермен жылжымалы шынжыр табанды «МТЛБ», инженерлік оқ-дәрілер мен ұшқышсыз ұшу апараттары бөлімшелерінің дайындығы да жан- жақты пысықталды. Ату алаңында Жуалы ауданына қарасты Көкбастау, Боралдай мен Қошқарата ауылының әскери міндеттілері көзге түсті. Жалпы, Жуалы ауданынан бұл оқу- жаттығуға 78 адам қатысса, қалғаны Жамбыл мен Байзақ ауданының әкімдіктерінен келген мемлекеттік қызметкерлер.

Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов полигонның байланыс торабы, жатын орны, медициналық пункті мен асханасының жай-күйімен танысты.

Әскери міндеттілер бір апта көлемінде әскери дайындық сабақтарынан өтіп, тактикалық оқу- жаттығуда өздеріне тапсырылған нысандарды күзету және қорғау, қарсыластың диверсиялық барлау топтарымен күресті ұйымдастыру бойынша шеберліктерін жетілдіріп, тәжірибе алмасты. Олардың бір аптада меңгерген дайындығына генерал-майор Мереке Көшекбаев та жоғары баға берді. «Бір аптада әскери міндеттілер өздерін жақсы қырынан таныстырды. Осындай оқу- жаттығуды әскери міндеттілермен жиі өткізіп отырсақ, олардың шеберліктерін арттыра түсер едік», – дейді генерал-майор.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те тактикалық оқу-жаттығудың барысымен таныса келіп, сарбаздардың дайындығына жоғары баға берді.

– Мемлекет аумақтық қорғаныс әскерлерінің дайындығы мен материалдық-техникалық жабдықтармен толығымен қамтамасыз ету мәселелерін басты назарда ұстайды. Бұл бағыттағы жұмыстар облыста да жоспарлы түрде атқарылуда. Облыстық бюджеттен аумақтық қорғаныс бригадасының материалдық- техникалық құралдарын сатып алуға және оқу-жаттығуларды өткізуге биыл 500 миллион теңге қаралды.

Еліміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету – бүкілхалықтық іс. Ол үшін жастардың бойында өз еліне деген патриоттық сезім, Отанына деген сүйіспеншілік, еліміздің қауіпсіздігі мен қарқынды дамуына деген жауапкершілікті сезіну секілді қасиеттерді қалыптастыра отырып, бұл жұмыстарды әрі қарай жандандыруымыз қажет. Облыстағы аумақтық қорғаныс әскерлерінің оқу-жаттығу жиынына қатысып, біліктіліктеріңізді арттырып, жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізгендеріңізге алғыс білдіре отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз мәңгі болсын, – деді Нұржан Нұржігітов.

Өз кезегінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерінің қолбасшысы Мереке Көшекбаев та оқу-жаттығудың сәтті өткенімен құттықтады. Сондай-ақ, тексеру жиынына атсалысқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Марат ҚҰЛИБАВ