Тұрғындар тіршілік көзінен тапшылық көрмеуі тиіс

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барды. Әуелі өңір басшысы аудандағы Ерназар ауылдық округіне атбасын бұрып, тұрғындармен кездесті.

Нұржан Молдиярұлы облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтіп, былтыр тұрғындармен 4 мыңға жуық кездесулер ұйымдастырылғанын, соның нәтижесінде қордаланған мәселелер шешімін тапқанын атап өтіп, сөз тізгінін ауыл тұрғындарына берді.

Ерназарлықтардың ең басты мәселесі – егістік алқаптарын суару. Ауыл халқы әуелі ағын судың тапшылығына алаңдаушылық білдірді.

– Біздің ауылда кезінде шаруаларымыз мың гектарға дейін қызылша игерген еді. Қазір судың тапшы екені белгілі. Ал біздің ауылға келгенде науа бітеді. Бізде науа жоқ, су болмағаннан кейін жастардың тірлік жасауына мүмкіндік жоқ. Судың тапшылығынан қазір тақыр жерде отырмыз. Су болса жем-шөп өсіруге де мүмкіндік болар еді. Оған қоса кезінде өз алма бағымыз болды. 1970 жылға дейін сол алма бағымыз талай адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Сол қайтадан қолға алынса, – деген тілегін жеткізді ауыл тұрғыны Бейсенбай Байтелиев.

Мәселеге орай облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы несие алынғанын, дегенмен құрылыс материалдарының қымбаттап кетуіне байланысты көп мәселелер зерделенгенін жеткізді.

– Өңірде 257 канал жөнделмей қалып тұр. Біз сол каналдарды өзімізге қабылдап, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп жатырмыз. Олардың барлығын жөндеуге алдын ала болжам бойынша 32-33 миллиард теңге қаражат қажет. 2024-2025 жылға дейін аталған каналдар жөнделуі тиіс. Осы ауылдың каналын да осы тізімге кіргізу керек, – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, Нұржан Молдиярұлы биыл Қырғызстаннан келетін су екі есе артығымен жиналғанын айта келе, соған қарамастан заманауи суды үнемдейтін технологияларды пайдалану керектігін баса айтты.

«Облыста жаңбырлатып суару технологияларын қолдану жылына он мың гектарға артып келеді. Аймақта тоқсаныншы жылдары 44 мың гектар қызылша егілген. Бүгінде мың центнерден алып жатқан шаруалар да бар. Біз осындай тәсілге көшіп, жердің астындағы суларды пайдалануымыз керек. Ғалымдар өңірімізде тәулігіне 4 миллион текше өзінің қалпына келетін су көлемі бар екенін айтып отыр. Осыны игілікке пайдалануымыз қажет», деді облыс басшысы.

Тұрғындар ауыл іргесіндегі көлге су толығымен жиналса, соның өзі ауылға жетер еді деген талап-тілегін жеткізді. Қазір ауыл көлінде 2,5 миллион су бар екен. Ал, жалпы көлемі 4 миллион текшеметрді құрайды. Облыс әкімі биыл каналдарға жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан су жинау кеш басталғанын атап өтіп, алдағы уақытта суды толығымен жинауды тапсырды.

«Облыста 80 пайыз суды Қырғызстаннан аламыз. Үлкен 7 су қоймамыз бар. Соларға қазір 100 пайыз су жиналды. Одан бөлек 113 кіші су қоймасы бар. Жамбыл ауданына қарасты кіші қоймаларға 85 пайыз су жиналды. Одан бөлек Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізілуде», деді Нұржан Нұржігітов. Басқосуда ауыл тұрғыны Қайсар Нұрмахаев жерасты суының 20-30 метр тереңдікке кетіп қалғанын, ауыл ішімен жүретін жүк көліктерінің мәселесін және ауыл жастарын жұмыспен қамту мәселесін көтерді. Өңір басшысы 30-40 тонналық ауыр жүк көліктері ауыл ішімен емес, айналмалы жол арқылы өтуі үшін арнайы жол белгілерін қою туралы жауаптыларға тапсырма берді. Сонымен қатар, ауылдық округтегі 1643 тұрғынның 523-і жастар екенін айта келе, 2,5 пайыздық несие арқылы жұмыссыз жастардың мәселесін шешуге болатынын ескертті.

«Ауылдық жерлерге 2,5 пайызбен несие беріліп жатыр. Бұған дейін несие қаражатын 24 ауылдық округке таратып бердік. Биыл 26 округте таратып береміз. Ауданда 6 ауылдық округ кірген. Қалғанына да берілетін болады. Жастарымыз сол несиені алып, жұмыс істеуі керек», деді облыс басшысы.

Ауыл тұрғындары Ермұхан Мәжіхан кәсібін ілгерілету үшін қолдау сұраса, Төрехан Бизақұлы ауыз су 280 үйдің 40 пайызына ғана жетіп отырғанын, оның өзінде тіршілік нәрі 2-3 сағатқа берілетінін, құбырлардың әбден ескіргенін жеткізді.

Ауыз суға байланысты аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы 692 миллион теңгеге жобалық- сметалық құжаттар әзірленіп қойылғанын, іс тек қаражаттың бөлінгенін күтіп тұрғанын айтса, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аймақта 82 елді мекенде мүлдем ауыз су жүйесі жоқтығын атап өтіп, келесі жылы ағын судың мәселесі кезең- кезеңімен шешілетінін жеткізді.

Басқосу барысында сан сауалға нақты жауаптар беріліп, өңір басшысы тұрғындарды жеке қабылдады.

Іссапар барысында Нұржан Нұржігітов Байгелді Кейкиев атындағы орта мектепті аралап, білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша нақты тапсырмалар берді.

Мұнан соң облыс әкімі Өрнек ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасымен салынып жатқан спорт-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. Нысанның құрылысы былтыр 26 тамызда басталған. Мердігері «Авторемстрой ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кешеннің құрылысын биыл қараша айында толығымен аяқтап, ел игілігіне беруді жоспарлап отыр. Ол үшін бюджеттен 313 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған. Ал, аталған ауылдағы «Өрнек» дәрігерлік амбулаториясының ғимараты 2011 жылы салынған екен. Пайдалануға берілгеннен кейін үш жыл ішінде жаңа ғимараттың сапасы сыр бере бастаған. Қазіргі таңда нысанның қабырғалары сөгіліп, құлауға шақ қалған. Аймақ басшысы денсаулық сақтау нысанының жай-күйімен жан-жақты танысып шығып, ғимаратқа алдағы мамыр айында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Нұржан Молдиярұлы ауылдағы №17 Жамбыл колледжінің жайын да назардан тыс қалдырмады. 1978 жылы пайдалануға берілген оқу орны техникалық мамандық даярлайтын 240 орынға шақталған. Облыс басшысы колледждің материалдық-техникалық базасымен толық танысып шықты. Қазіргі таңда колледжде 154 бала білім алуда.

Мұнан соң Нұржан Молдиярұлы Тоғызтарау ауылының тұрғындарымен кездесіп, халықтың талап-тілегін тыңдады. Әуелі ауыл тұрғыны Еркін Қадыров газ мәселесін көтерді. Облыс әкімі көгілдір отын Қаратаудағы газ стансасынан тартылатынын, ол үшін жобалық-сметалық құжаттардың әзірленіп жатқанын атап өтіп, өндіріліп жатқан табиғи газдың көлемі жеткілікті болса, қаражат қарастырылатынын жеткізді.

Ауыл тұрғыны Пернебек Әбу ауыз судың жайын қаузады. Ол бойынша да сметалық құжаттар сараптамаға жіберілген екен. Сол секілді тоғызтараулықтар ағын судың мәселесіне де алаңдаушылық білдірді.

Аудан әкімі тарапынан «Сұлтан» каналын «Қазсушар» мекемесінің теңгеріміне өткізу туралы ұсыныс айтылды. Облыс басшысы «Қазсушар» өкілдеріне тек суды жеткізе алатын шаруа қожалықтарымен жұмыс істеуді тапсырды. Сонымен қатар, алдағы 3-4 жылдың көлемінде облыста жалпы 180 мың гектар суармалы жер болса, соның барлығы жүз пайыз тіршілік нәрімен қамтылатынын жеткізді. Ауыл тұрғыны Кендебай Оңғарбаев округтегі мектептердің мәселесін көтерді. Айтуынша, ауыл мектептерінде сынып бөлмелері жетіспейді, ғимараттың тозығы жеткен. Білім ошақтарына қосымша асхана мен спорт залы қажет. Биыл облыста 22 мектеп бой көтеретінін жеткізген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аудандық білім бөліміндегілерге салалық және құрылыс басқармаларымен белсенді жұмыс істеуді тапсырды. Жиын соңында облыс әкімі ауылдық округ тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Іссапар соңында Нұржан Молдиярұлы Тоғызтарау ауылының аумағындағы Аса өзенінің арнасына гидротехникалық ғимарат құрылысын салу жұмыстарының барысымен танысты. Нысанның бас мердігері «Ай-Дин Тараз құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылы мамыр айында бастаған. Биылғы жылдың аяғында толығымен аяқтауды жоспарлап отыр. Айта кетсек, облыста биыл 26 елді мекенге модульдік су насостары орнатылмақ.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ