«Қарлы жорыққа» қатысқан қазақ
Бүгінде береке дарып, Қыдыр қонған Бірлесу-Еңбек ауылының тұрғындары есімі елге танылған биік парасат иесі, ғибратты ғұмырнамасы Жамбыл өңірінің тарихымен тамырлас, Ұлы Отан соғысында өшпес ерлік көрсеткен Үшкемпір ата Мырқалықұлын еске алуда. Ұлы Жеңіс күніне орай өткізіліп отырған іс-шараның артында мол тағылым, ерлік даңқы өшпесін деген текті тілек жатыр.
Үшкемпір ата 1923 жылы жазға салым сол кездегі Әулиеата уезі Аса болысының 7-ші ауылында, қазіргі қарт Қаратаудың шығысындағы бір сілемі Үлкен Бурыл бөктеріне қонған Бірлесу-Еңбек ауылында дүниеге келген. Шымыр бабадан тараған Байтана елінің бір бұтағы Тілептен туған Арғынбай балалары бұл уақытта Бурылтаудың Сулысай мен Ақбастау жазығына қоныстанған еді.
Туған жер табиғаты тұнығы мен мөлдірін тартудан танбағанмен, алмағайып зар заман Үшкемпірдің маңдайынан сипамады. Ол ананың мейірімі мен жылы алақанын, әкенің қамқорлығын сезіну бұйырмаған мұңлықтардың қатарына есін білер- білместен қосылды. Елдегі жаппай қуғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру, қуаңшылық пен ашаршылық бала жүрегіне салмақ салмай қоймады.
Атасы Шеңгелбай мұсылмандық ілімі мол діндар адам болған, өңірге тәуіпшілдігімен де танылған. Осының салдарынан қилы кезеңде әкесі Мырқалық молданың баласы деп қуғындалып, жер аударылған. Ал, кішкентай Үшкемпірге жаман ат таңылмасын деп, оны әдейі тастап кеткенге ұқсайды. Атасы Шеңгелбай мен әке сі Мырқа лықт ан, анасы Сейсептен, әпкесі Жұпаркүлден мүлдем хабарсыз қалды. Әпкесі Сапаркүл мен қарындасы Күлпәштің тау асып, Түлкібастағы нағашысы Орынбайдың үйін паналағанын араға 15 жыл салып бір-ақ білді.
Ол 1930 жылы балалар үйінің е сігін ашты. Жетімдікті жылдам мойындағанымен, зерек те зерделі жасөспірім есін тез жиып, білім алуға ден қойды. «Детдомдық» бала 6 жылдан соң туған ауылына оралып, ағайыны Махамбетжанның үйіне тұрақтады. Оның інісі Рахметханмен бір үйде тұрып, жеңгесі Зейтананың қолында болды. Бір жыл колхоздың бұзауын бақты да, келесі 1937 жылы қаладағы Жамбыл мектебінің жанынан ашылған интернатты іздеп тауып, оқуға қабылданды.
Соғысқа 1941 жылдың жазында өзі сұранып аттанды. Алғаш Петропавл қаласында кіші командирлер курсын бітіріп, қара күзде Мәскеуді терістіктен қоршамақ болған жаудың 16-шы күшейтілген армиясына қарсы ұрысқа кірді. Мәскеуге солтүстік-батыстан шешуші соққы жасауға өршеленген герман әскерін Калинин маңында қарсы алған екпінді бірінші армиясының 130-атқыштар дивизиясы құрамында бөлімше командирі, аға сержант Үшкемпір Мырқалықов та бар еді.
Дивизия жауынгерлері күші бірнеше есе басым жауға тайсалмай қарсы тұрып, ондаған взвод жаяу әскері мен танкілерін жойып жіберді. Сол қыста бұл өңірге шамадан тыс қалың қар түсіп, екі жаққа да үлкен қиындық әкелген. Сол себепті Калинин бағытымен Холмге дейінгі стратегиялық ұрыс қимылдары «Қарлы жорық» деген атпен тарихта қалды.
Атқыштар дивизиясы құрсауында қалған Бологое, Ржев, Торжок, Боровичи, Нелидово, Курск қалаларын азат етуге қатысып, ерлік даңқын асырды. Мырқалықов басқарған бөлімше де әрбір село, деревня үшін арпалысты. Қоршауда қалған кездері де аз емес. Барлауға шығып, бірнеше шенді жауды тұтқынға алып келгені, тағы басқа ерліктері туралы әскери газеттерде жарық көріп жатты.
1943 жылдың ақпанында болған алапат айқаста тарих бетінде таңбаланып қалды. Фашистердің тұтқиылдан келген шабуылына қарсы тұру мүмкін еместей көрінген. Гүрсілдеп жарылған снарядтардан, ажал оқтарынан құлақ тұнды. Төбеде жау ұшақтары, жерде танкілері шынжыр табанымен таптап келеді. Бірақ қазақтың қайсар ұлы бастаған бөлімше жауынгерлері қаһармандықпен тойтарыс беріп, жау бетін кері қайтарып жатты.
Ақ аспанды айқара тіле саппен ұшып келе жатқан фашист «мессершмидтерін» көрді. Ол аңырай шүйіле бере, ажал оқтарын төгіп-төгіп жібереді. Күмістей жылтыраған ақша қардың беті енді қызыл ала жосаға айналған. Өзі де жарақаттанғанға ұқсайды, қабырға тұсы ыстық көсеуді тығып алғандай қол ұстатпайды, күйіп барады. Самайынан аққан әлдебір жылымшы нәрсе мойнына құйылғандай. Көзі қарауытып, дүние төңкеріліп бара жатқандай басы айналып, жүрегі лоқсыды.
Әйтсе де, жан-дәрмен қылып орнынан көтерілгісі келді. Бұтаға сүйеніп, «Алға, соңымнан» дейін десе, тынысы тарылып, ысылдап үні шықпайды. Тек жағы ғана ашылып, жабылады. Сылқ етіп тағы құлады. Шынжыр табанымен таптап кетердей қасынан жау т анкілері аузынан аждаһадай от шашып өтіп жатыр.
Басын көтерген Үшкемпір әлі тірі екенмін ғой деп ойлады да, белінен гранатасын ағытып алып, ышқына көтеріліп, жастығымды жастана өлейін дегендей, ашу-ызамен танкіге қарсы ұмтылды. Лап етіп жалын шарпыған жау «алыбы» айналшақ ауруына ұшырағандай бір орнында шыр көбелек айналып тоқтап қалды. Автоматын беліне тіреген жас батыр қарды омбылап қашып бара жатқан жау солдаттарына оқты қарша боратып, алға жылжыды. Ештеңеге қарайтын емес, ештеңеден қорқатын емес. Бірақ жарақат әлсіретіп бара жатты…
…Үшкемпір Мырқалықов соғыстан 1944 жылы аға лейтенант шенімен оралды. Келе көргені – жүдеу тұрмыстан күйзелген халық, тұралаған шаруашылық. Шағын ауылда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» ұраны салтанат құрып, Отан қорғаушылардың елге аман қайтуын тілеген жұрт бар ниетімен, ынта-ықыласымен адал еңбек етуден танбаған.
Ауыр жарақатынан жылдам ес жиып, туған жер топырағына табаны тиісімен еңбекке араласты. 21-ге енді шыққан жігіт Есентөбе селолық кеңесіне орындаушы қызметіне алынды. Құжаттарға өте ұқыпты, білімі терең, дүниетанымы кең азамат халықтың мұң- мұқтажын өтеуге, мүддесін қорғауға, тұрмысын түзеуге, ең бастысы, ел рухын көтеруге күш салды. Қазақстанға еріксіз жер аударылып келген қарашайлар мен шешендерді, кәріс, неміс, поляк, күрді, гректерді жатсынбады, бауырына тартып, еңбекке жұмылдырды, ынтымақ пен бірлікке үндеді.
1947-1949 жылдары ауылдықтар бейбіт өмірдің берекесіне бөлене бастады. Бірлесу-Еңбек деп аталған елді мекенде жаңадан көшелер түзіліп жатты. Осы уақытқа дейін бірнеше жыл ұжымшарды басқарып, елдіктің жалауын биік ұстаған, жұрттың жанашыры атанған игі жақсы Сатарқұл Мустафин ауданға қызметке шақырылып, орнына адам іздеген. Басқарма жиынында колхозшылар таңдауы жас коммунист, майдангер Үшкемпір Мырқалықовқа түсті. Жаңа төрағаның көшбастаушылық, ұйымдастырушылық, білікті басшылық қабілеті осы күннен бастап шындап байқалды.
Айналасы екі жыл ішінде үш көше салынып, колхоз кеңсесі, мектеп құрылысы аяқталып, аулаларына бақ орнатылды. Сол жылы дәнді дақылдан да, қант қызылшасынан да мол өнім жиналып, колхозшылар мен құрылысшыларға қомақты еңбекақы берілді. Жергілікті адамдардың тұрмысы жақсарып, ауыл абаттанып қалған 1950 жылы ол Пионер, Шайдана, Сеңгірбай ауылдары бірігіп, іріленген «Пионер» колхозының төрағасы болып кете барды. Тағы бірнеше жыл өткенде Сталин колхозында партком хатшысы, одан қайтадан «Бірлесу-Еңбек» колхозы басқармасының төрағасы, «Билікөл» кеңшарында бас агроном қызметтерін сәтімен жалғастырды.
Алтуған ауылына қайта басшылыққа келген 1959 жылы ауыл түбінен монша соқтырып, үлкен Аса өзеніне көпір салдырды, сырттан арнайы мамандар тартты. Мүйізді ірі қараға арнап ағаш едені, астауы бар жылы қоралар тұрғызды, мал азығы ретінде жүгері сүрлемін дайындауды алғаш рет тәжірибеде қолданып, сиыр фермасының түбінен «Маслопром» тұрғызды. Жеке үй салушыларды құрылыс материалдарымен қамтамасыз етті.
1965 жылы ол құрылғанына бір жыл болған «Аса» совхозына бас агроном болып келді. Алты жыл бойы жер тамырын тап басып, мол өнім алған Мырқалықов 1971 жылы Аса селолық кеңесінің төрағасы болып тағайындалды да, бұл қызметін сегіз жыл атқарды. Жаңа қызметке ол жаңашыл көзқарасымен қоса қатаң талабын да ала келді. Ауыл шаруашылығымен бірге мәдени- тұрмыстық жағдайдың жақсаруына, халыққа күнделікті қажетті азық- түліктің жеткілікті болуына тұрақты көңіл бөлді.
Облыс орталығы Жамбыл қаласынан Аса ауылына ауысқан осы жылдары өңірде қаншама ғимарат бой көтерді. Солардың барлығы дерлік бүгінгі таңға дейін ел игілігіне жарап тұр.
Ол да өз заманының перзенті, өскен ортасының жемісі. Бойында өмір сүрген дәуіріне сай отаншылдық қасиет, елжандылық, еңбекке ықылас, таудай талап, қажымас қайрат бар еді. Барлық нәрсенің байыбына барып, парқын танитын, ақ сөйлеп, ақиқатын айтатын Үшкемпір ата ел құрметіне бөленді. Соғыстағы ерлігі мен бейбіт күндегі еңбегі мемлекет тарапынан еленбей қалмады. Кеудесіне «Отан соғысы» орденін, «Ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарын тақты. КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалін иеленді.
Жеңістің 40 жылдығы мерекеленген 1985 жылдың 9 мамырында Аса ауылында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлес жауынгерлерге арналған ескерткіш бой көтерді. Сол күні ескерткіш алдындағы мәңгі алауды аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Үшкемпір Мырқалықов жақты.
Содан көп өтпей батыр атамыз 62 жасында мәңгілік мекеніне кете барды. Тағы бірнеше жыл өткенде, яғни, Ұлы Жеңістің 50 жылдығы мерекеленер тұста аудан орталығындағы Трудовая көшесіне Үшкемпір Мырқалықовтың есімі берілді. 2005 жылы осы көшенің бойынан ардақты адамға арналған ескерткіш тақта орнатылды.
Сансызбай БЕРТАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Жамбыл ауданы