Соғыстың соңғы сарбазы
Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 78 жыл толып отыр. Ананы жесір, баланы жетім еткен осы сұм соғыстың зардабын тартпаған отбасы елімізде кемде-кем деуге болады. 1418 күн мен түнге созылып, миллиондаған адамның өмірін қиған сұм соғысқа лағнет айтпасқа болмайды.
Ауданымыздан Ұлы Отан соғысына 3341 адам шақырылып, соғыстан 1981 адам елге аман- е с ен ора лған. Енді міне, сол майдангерлердің ішінен Жетібай ауылында тұратын 98 жастағы еңбек және соғыс ардагері Рахымжан Мамыралиев қана арамызда жүр.
Рахымжан аға 1925 жылы 25 қаңтарда Жамбыл ауданында өмірге келген. 1943 жылы о сы аудан комиссариатынан соғысқа аттанып, Приморск өлкесін, Ворошилов қаласын жаудан азат етуге қатысады. Жапон соғысына да қатысқан жауынгер соғыста көрсеткен ерлігі үшін II дәрежелі «Отан соғысы» ордені, бірнеше медальдармен марапатталған. Рахымжан аға соғыстан елге 1951 жылы оралады.
Елге келісімен «Ақдала», «Бірлесу еңбек» колхоздарында е сепші болып, Фрунзе колхозындағы сүт комбинатында жұмыс істеп, 1985 жылы абыроймен зейнетке шығады. 2007 жылы өмірден өткен жұбайы Күлимат Мамыралиева екеуі 7 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан бірнеше немере сүйді. Бүгінде ұлы Сапардың қолында тұрады. Келіні Нұризат атасының бар жағдайын жасап отыр.
Әке-шешесінен ерте айырылған Рахымжан аға еңбекке ерте араласқан. Соғыстан аман-есен елге оралғаннан соң колхоздың жұмысына жегіліп, демалуды білмегенін айтып отыр. Ең өкініштісі, Құдай қосқан қосағы мен 5 баласының өмірден ерте өткені өзекті өртейтінін айтады, қарт жауынгер.
Рахымжан аға жасының ұлғайғанына қарамастан, сыртқа өзі кіріп-шығады. Қолындағы екі таяғының көмегімен аулада бір мезгіл таза ауамен тыныстағанды жақсы көреді.
Сүндетулла ӘБІЛОВ,
журналист.
Байзақ ауданы