Жастар «Жеңіс лентасын» таратты
Жеңіс күні қарсаңында Тараз қаласының жастары «Жеңіс белгісі» патриоттық акциясын ұйымдастырды. Халық көп жиналатын орындарға барып, тұрғындарға Жеңіс мерекесіне арналған лента таратып, бүгінгі бейбіт күн үшін жаумен шайқасып, от кешкен батырлар рухын құрметтеуге шақырды.
– Елінің жарқын болашағы, біздің бейбіт өміріміз үшін өз жандарын қиған ата-әжелеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Ұлы Отан соғысында жан аямай ерлік көрсеткендерге біз қарыздармыз.
Жеңіс күнінде қалалықтар кеудесіне көк Туымызбен түстес лентаны тағып жүрсін деп, арнайы акция ұйымдастырдық. Тараз жастары қаламыздағы халыққа қызмет көрсету орталықтарына, ірі сауда орындарына барып, кездескен кісілердің төсіне «Жеңіс лентасын» тағып беруде. Бұл акция тараздық жастардың майдангерлерге деген құрметінің бір мысқалы ғана. Үнемі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, соғыс жылдарында шаруашылықтың ауыртпалығына жанкештілікпен төзіп, еңбек еткен тыл еңбеккерлерінің үйіне барып, тұрмыстық жұмыстарына көмектесіп тұрамыз. Бүгінгі бақытты күндеріміз үшін байтақ даламызды жау құрсауынан қорғап, бізге аманаттаған бабалар алдында қарыздармыз және аманатты қорғау парызымыз. Аға ұрпаққа көрсетер құрметіміз ешқашан толастамайды, – дейді қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов.
«Жеңіс лентасын» төсіне таққан тұрғындардың арасында соғысқа қатысқан өз аталары жайлы естеліктерімен бөліскендер де кездесті. Сондай-ақ, аға буын өкілдері Жеңіс мерекесіне деген құттықтауларын елге амандық, бейбітшілік тілеген баталарымен жеткізді.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Тараз қаласы