Бейбіт елдің экономикасы өркендейді.
Құрметті Отан қорғаушылар!
Баршаңызды Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – ел әскерінің қуаты мен айбынын айғақтайтын, еліміздің тыныштығын қорғап жүрген ерлерімізді ұлықтайтын мереке.
Тарихқа көз салсақ, біздің халық – жауынгер халық.
Алтай мен Атыраудың арасындағы ұланғайыр елімізді бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, бізге аманат етіп қалдырды.
Елде тыныштық болса, береке мен бірлік орнайды. Халық алаңсыз еңбек етіп, тыныш өмір сүреді. Бейбіт елдің экономикасы өркендейді.
Сондықтан, кез келген мемлекет өз Қарулы Күштерінің қуатты болғанын қалайды.
Бүгінде Тәуелсіздік күзетінде тұрған Қазақстанның Қарулы Күштерінің айбары артып, қуатты күшке айналды. Олардың қатарында біздің өңірдегі 26 әскери бөлімнен тұратын, 10 мыңға жуық әскери қызметкерлер де бар. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы, Ұлттық ұлан және шекара қызметтері сияқты әскери бөлімдер ел тыныштығын қамтамасыз етуде.
Жаужүрек жауынгерлеріміз бен сарбаздарымыз әуеде, жерде, теңізде ел тыныштығын кірпік қақпай күзетуде.
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қаһарман Бауыржан Момышұлының рухты сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған сарбаздар қашан да ел мақтанышы болып қала береді.
Еліміздің бейбітшілігі мен жарқын болашағы үшін атқарып жатқан игі істеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін!
©️Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі