Нұржан Нұржігітовтің Жамбыл ауданындағы жұмыс сапары
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Жамбыл ауданындағы жұмыс сапары барысында Өрнек ауылындағы «Ауыл – ел бесігі» жобасымен салынып жатқан спорт-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты.
Нысанның құрылысы былтыр тамыз айында басталған. Мердігері «Авторемстрой ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кешеннің құрылысын биыл қараша айында толығымен аяқтап, ел игілігіне беруді жоспарлауда. Облыс басшысы құрылыстың сапалы болуын қадағалауды тапсырды.
Ал «Өрнек» дәрігерлік амбулаториясының ғимараты 2011 жылы салынған. Бүгінде тозығы жете бастаған нысанға биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қазіргі таңда нысанның жобалық сметалық құжаттары сараптамадан өтуде.
Сондай-ақ, аймақ басшысы ауылдағы №17 Жамбыл колледжінің жай-күйімен, материалдық-техникалық базасымен толық танысып шықты. Техникалық мамандық даярлайтын оқу ордасы 240 орынға шақталған десек, бүгінде 154 бала білім алуда.
Келесі кезекте Нұржан Нұржігітов Тоғызтарау ауылының тұрғындарымен кездесіп, халықтың талап-тілегіне құлақ түрді.
✅ Аудандағы жұмыс сапарының соңында Нұржан Нұржігітов Тоғызтарау ауылының аумағындағы Аса өзенінің арнасына гидротехникалық нысанның құрылысымен танысты.
Жамбыл облысы әкімдігі