«Taraz HALF – 2023» жартылай марафонының жеңімпаздары марапатталды
Таразда «Есірткісіз болашақ» ұранымен «СЕН ЖЕҢІМПАЗСЫҢ!» атты «Taraz HALF – 2023» жартылай марафоны өтті.
Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ұйымдастырылған марафон облыста ағымдағы жылы 5-ші рет өтіп отыр.
Жартылай марафон 3 түрлі қашықтықта түрлі жас-ерекшеліктер бойынша ерлер мен әйелдер арасында ұйымдастырылды.
Атап айтсақ, 5 км қашықтықта барлығы 7 жас ерекшелігі бойынша, 10,5 км қашықтықта барлығы 6 жас ерекшелігі бойынша, 21,1 км қашықтықта барлығы 6 жас ерекшелігі бойынша өтті.
Жарысқа қатысушылар «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінен бастап Төле би даңғылы және Тәуке хан көшесінің бойымен әуежайға дейін және кері бағытта жүгіріп өтті.
Марафонның марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.
1000-нан аса адам қатысқан марафонның жалпы жүлде қоры 5 миллион теңгені құрады.
Айта кетейік, биыл жартылай марафонның ерекшелігі халықаралық стандартқа сай чип электронды құрылғысы арқылы өтті. Аталған электронды құрылғы әр қатысушыға беріліп, оның жүгірген қашықтығын, уақытын және жылдамдығын анықтауға мүмкіндік берді.
Жамбыл облысының әкімдігі