Н. Нұржігітов: Міндеттемелерін орындамаған мердігерлерге тиісті шаралар қолдану керек
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте құрылыс, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларымен атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов жетекшілік ететін аталған басқармалардың басшылары басқосуда есеп беріп, кездесіп отырған мәселелерге де жан-жақты тоқталды.
Құрылыс басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков ағымдағы жылы 256 жоба жоспарланғанын жеткізді. Оның 181-і ағымдағы тапсырылады деп күтілуде.
Сондай-ақ, мерзімі кешіктіріліп отырған нысандарға айрықша тоқталып өтті.
Басқарма басшысы биыл 71 жобалық-сметалық құжаттама жасауға қаржы қаралғанын, оның 51-і әзірленіп жатқанын жеткізіп, 20-сы сараптамадан өтіп үлгергенін айтты.
Облыс әкімі барлық мердігерге қойылатын басты талап – құрылыс кестесінің мерзімін бұзбай, сапасын назарда ұстау екендігін баса айтты. Аймақ басшысы бұл тұрғыда жауаптыларға жұмыстарды қатаң бақылауда алу қажеттігін, өз міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамағандарға шара қолданудың маңыздылығын ескертті.
Өз кезегінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысы Қайрат Бисембаев ағымдағы жыл басынан бері 42 құрылыс нысанына жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 27 нұсқама берілді, 75 әкімшілік іс қозғалып, 19 221 705 теңгеге айыппұл салынған.
Нақтырақ айтсақ, 49 тапсырыс беруші, 18 мердігер мекеме, 1 жобалаушы, 3 авторлық қадағалаушы, 4 техникалық қадағалаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде техникалық қадағалаушы «DACO Инжиниринг» ЖШС және «НеоГеоСтройпроект» ЖШС қолданыстағы техникалық қадағалау жүргізу құқығына сарапшы аттестаттары 6 ай мерзімге тоқтатылды. Сондай-ақ,«Жуалы ауданы Қайрат ауылында 149 орындық мәдениет үйінің құрылысын салу» нысанының бас мердігері «ЕРК-Астана» ЖШС-ін лицензиядан айыру бойынша шешім шығарылып, заңды күшіне енген.
Нұржан Нұржігітов осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру, өз жауапкершілігіне немқұрайлы қарайтындарға заң аясында шара қолдану керектігін тапсырды.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев облыс тұрғындарың ауыз сумен және табиғи газбен қамту шараларына тоқталды.
Облыстағы 367 елді мекеннің 285-і ауыз сумен қамтылған десек, биыл тағы 25 елді мекенге су құбырлары тартылуда.
Жамбыл облысында ауыз су мәселесін шешу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ал, 26 елді мекенде халық санының аз болуына байланысты суды тазартудың кешенді блок-модульдері орнату жұмыстары қолға алынуда. Қалған 31 елді мекендегі ауыз су мәселесін шешу бойынша да тиісті құжаттар реттелуде.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына және облыстың кешенді даму жоспарына сәйкес, аталған жұмыстар 2025 жылға қарай толығымен аяқталып, облыс тұрғындары тіршілік нәрімен барынша қамтылу керектігін атап өтті.
Сондай-ақ, басқосу барысында елді мекендерді газдандыру, иесіз желілер мен коммуналдық меншіктегі желілерді жөндеу, сенімгерлік басқаруға беру секілді бірқатар мәселелер жан-жақты талқыланды.
Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
Жамбыл облысының әкімдігі