Үш жасында танымал болған қыз

Үш жасынан-ақ ағылшын тілінде еркін сөйлейтін Елдана Желеу әлеуметтік желі қолданушыларын таңғалдырды. Дарынымен дараланған балдырғанның видеосы бүгінде екі миллионнан астам қаралым жинаған.

Оның шет тілінде еркін сөйлегеніне таңданған көпшілік «акценті тура ағылшындардікіндей екен», «дыбыстарын айтсаңызшы!

«Тіпті мен бұлай сөйлей алмаймын», «нағыз талант, қазақшасы да таза, тіл- көзден аман болсын» деген пікірлер қалдырған. Кейбірі алғыр бүлдіршінге «болашақта полиглот болады» деген болжамдарын да айтуда.

Бірнеше күннің ішінде елімізге танымал болып, көпшіліктің ықыласына бөленген кішкентай жұлдыз – өзіміздің жерлесіміз, Қордай ауданы, Әлжан ана ауылының тұрғыны болып шықты. «Tik-tok» желісіне Елдананың видеосын оның әпкесі жүктеген екен. Ата-анасы бұл бейнежазба мұндай танымалдылыққа ие болады деп ойламаған.

Елдана – үйдің ортаншысы. Оның мектеп жасындағы ағасы және жеті айлық інісі бар. Анасы Кәмшат Әлжан ана ауылындағы №23 орта мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Бүгінде декреттік демалыста отырған ол «шаңырағымызда шет тілінде сөйлеспек түгілі, бір ауыз сөз де білмейміз» деп күледі.

– Тілі қазақша шыққан. Ағылшын тіліне деген қызығушылығын алғаш өткен жылдың көктемінде байқадым. Бізге ағылшынша сөйлеп, тақпақ, өлеңдер айтып жүрді. Үйде бәріміз қазақша сөйлейміз, балабақшада да шет тілі сабағын өтпейді. Телефоннан шет тіліндегі мультфильмдерді ғана көріп, өз бетімен үйреніп алыпты. Әзірге мультфильмдердегі сөздерді, өлеңдер мен әліпбиді жатқа біледі. «Ағылшынша сөйлеші» деп әдейілеп сұрасаң айтпайды, бірақ көңілі келсе көлдей, бар өнерін көрсетеді, – дейді анасы.

Елдана ағылшын тілінен бөлек, орыс тілінде де жақсы сөйлейді. Үш жасар «полиглот» республикалық телеарналар мен бірнеше ақпараттық порталдарға сұхбат беріп те үлгерген.

«Видео тарап кеткеннен кейін бізбен «КТК» телеарнасындағы «Астарлы ақиқат», «Қазақстан» телеарнасындағы «Өмір көркем» бағдарламалары және «Tengrinews», «Azattyq» порталдарының тілшілері хабарласты. «Өмір көркем» бағдарламасына онлайн бейнебайланыс арқылы шығып, сұхбат бердік. Ал, «Астарлы ақиқат» бағдарламасы студияға шақырды, бірақ қызым студиядан, камералардан жатырқап, тележүргізушінің сұрақтарына жауап бермей қойды. Кішкентай болғандықтан, әлі көпшілік жерлерге үйрене қоймаған, ұялады. Сондықтан, шақыртқан өзге телеарналарға барудан бас тарттық», – дейді анасы Кәмшат.

Енді перзентінің бойындағы ерекше дарынды дамыту үшін ата-анасы оны арнайы тіл курстарына, келешекте ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектепке бермек.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,

журналист.

Қордай ауданы