Жарақат алса да жаудан қайтпаған

Екінші дүниежүзілік соғыс байырғы КСРО құрамындағы елдердің барлығын есеңгіреткені даусыз. Оқ пен оттың ортасында жүріп, Отан қорғаған батырлардың көзсіз ерлігінің арқасында бүгінде біз бақытты ғұмыр кешіп отырмыз. Соғыс шығынсыз болмайды. Елім деп еміренген қаншама есіл ерлер майдан даласында мерт болды десеңізші. Талай шаңырақтың үміті үзілді. Екі көзі төрт, жүрегі өрт болып хат күткен жұрт «қара қағазды» алып, қайғыдан қан жұтты. Өзекті өртейтін өкініш оты да осы ғой…

Екі қолға бір күрек ұстайтын жігіттік шағында атам Сүйінбай Дүйсебайұлы қолына қару ұстады. Осылайша оқ жауған майдан даласына аттанды. Болашақ ұрпақтың баянды ғұмыр кешуі үшін жауға қару асынып, жауынгерлердің қатарын толықтырды.

22 жасында Сталинград түбіндегі қанды шайқасқа қатысқан атамның ерлікке толы жолы Берлинді бағындырғанға дейін жалғасты. Иә, 1941-1945 жылдар аралығын қамтыған қанқасап майданда кірпік қақпай жаумен арпалысты. Қарсы келген дұшпанды қадам бастырмау үшін жанын аяп қалған жоқ.

Майдан даласында шар болаттай ширыққан Сүйінбай Дүйсебайұлы сұрапыл соғыс жылдары туралы әңгімелеуге зауқы соға бермейтін. Үйдің үлкендерінің айтуынша, атам майдан шебіндегі оқиғалар туралы көп айтпайды екен. Енді ше, зеңбіректердің дауысы мен атылған оқ, отқа оранған да ладағы жан ауырт атын жағдайлар кімнің де болса жүрегіне салмақ салады. Атамның соғыс тақырыбында сөйлемеуінің сыры осында жатса керек.

Майдан шебінде жүргенде фашистер құрған тордан сытылып шыға алмай, атам тұтқынға түсіпті. Ол кісінің басынан небір зұлматты жылдар өтті ғой. Қиындықта қасынан табылған Мұстафа Шоқайдың жылы сөзі оны жігерлендіріпті. Айтып-айтпай не керек, ебін тапқан қазақ оғландарымен бірге тұтқыннан да бо сап шыққан.

Қан майданда кісі баласында аяушылық болмайды. Сұрапыл соғыста Отан қорғап жүрген Сүйінбай атам қапияда жау құрған қақпанға түсіп, жантүршігерлік қиындықтарды, азапқа толы күндерді бастан өткеріпті. Жаңбырдай жауған е себі жоқ оқ ол кісіге де тиген. Екі рет жарақаттанып, госпитальда емделіп, қайтадан майдан даласына аттанған. Тағы бірде атам фашистердің бір жауынгерімен бетпе- бет кезігіп қалыпты. Неміс солдаты қолындағы қаруын кезенбеген соң атам да оқ жаудырмапты.

Сүйінбай қария соғыстан кейін алған жарақатына қарамастан, қол қусырып отырмаған. Колхоз бен совхоздың жұмысына белсене араласқан. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын ол кісіні дүйім ел құрметтеген, сыйлаған. Кейіннен тракторшылар даярлайтын арнайы курсты бітіріп, мамандығы бойынша жемісті еңбек еткен, трактор бригадасын басқарған.

Әжем Мәуекүл екеуі алты қыз, алты ұлды қазақы тәрбиемен жетілдіргенін айта кеткен ләзім. Ұлдары мен қыздарының барлығы дерлік жоғары оқу орнын бітірген білімді азаматтар. Олар қазіргі таңда әр салада еңбек етіп, іскер азаматтар екенін көрсетіп келеді.

Сұрапыл соғыс жылдарында Отан қорғаған ардақты атам 1998 жылы яғни, 80 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ес білгенімде өмірден өткенінде майдан даласындағы ерлігі мен өрлігі туралы егжей-тегжейлі сұрар ма едім. Тек осы бір өкініш қана өзекті өртей түседі.

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Жуалы ауданы