МӘҢГІЛІК АЛАУҒА ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ

Бүгін аудан тұрғындары 9-мамыр Ұлы Жеңіс күнін жылдағыдай ерекше атап өтпесе де, Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай қан майданда қайтыс болған соғыс құрбандарын еске алу митингісімен олардың тағзым ету мақсатында гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Мерекеде аудан әкімі Әлихан Балқыбеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұртас Саурықов, құқық қорғау өкілдері мен ауыл басшылары және мекеме мен бөлім қызметкерлері, аудан тұрғындарымен бірге ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерге арналған мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, Отан үшін от кешкен боздақтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Зұлмат жылдар тарихының беттерін парақтасақ, Жеңіс сағатын жақындатуға мойынқұмдықтардың қосқан үлесін мақтанышпен айта аламыз. Ұлы Отан соғысына 3281 жерлесіміз аттанып, Москва, Песков, Сталинград, Курск түбіндегі қан майдандарда өшпес ерлік көрсеткен. Сондай-ақ Шығыс Европаны азат еткендер мен Берлинге шабуылдаған батырлар да бар. Қазіргі таңда елімізде де, ауданымызда да соғыс ардагерлерінің қатары сиреп, жыл санап азайып келеді. Ұлы Отан соғысының ержүрек, батыл солдаттарын мәңгі жадымызда сақтап, өшпес ерлігі мен жанқиярлық еңбектеріне деген құрмет мәңгі жалғаса беретін болады.

Мойынқұм ауданы әкімдігі