Марафон жеңімпаздары анықталды
Таразда «Есірткісіз болашақ» ұранымен «Сен жеңімпазсың!» атты «Taraz HALF – 2023» жартылай марафоны өтті. Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ұйымдастырылған марафон облыста биылғы жылы бесінші рет өтіп отыр.
Аталған ашық біріншілікке өзге облыстардан, Алматы, Шымкент қалаларынан және Қырғыз, Өзбекстан, Татарстан елдерінен желаяқтар қатысты.
Жартылай марафон 3 түрлі қашықтықта түрлі жас ерекшеліктері бойынша ерлер мен әйелдер арасында ұйымдастырылды. Атап айтсақ, 5 километрде 7 жас, 10,5 километрде 6 жас, 21,1 километр қашықтықта барлығы 6 жас ерекшелігі бойынша өтті.
Жарысқа қатысушылар «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінен бастап, Төле би даңғылы және Тәуке хан көшесінің бойымен әуежайға дейін және кері бағытта жүгірді.
Марафонның марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.
Бір мыңнан аса адам қатысқан марафонның жалпы жүлде қоры 5 миллион теңгені құрады. Айта кетейік, биыл жартылай марафонның ерекшелігі халықаралық стандартқа сай чип электронды құрылғысы арқылы өтті. Аталған электронды құрылғы әр қатысушыға беріліп, оның жүгірген қашықтығын, уақытын және жылдамдығын анықтауға мүмкіндік берді.
«Aq jol»-Аqparat.