АДАМНЫҢ ЖАМАН МІНЕЗІ…
Айналамыздағы адамдар, таныстар, достар, өзіміздің жанымызға үңілер болсақ, қызық, тылсым нәрсе көп. Адасды адам емес, адамның өзі өзін-өзі өл-өлгенше толық танымай, өзінің қырларын аша алмай, өзін зерттей алмай кетуі де мүмкін.
Жасыңа жас қосылған сайын бойыңдағы мінезің, болмысың, жақсы-жаман қасиеттерің, қызығушылықтарың мен қабілеттерің туралы көп ойланады екенсің.
Өзімді, өзгенің психологиясын, бітім-болмысын зерттеу, анализ жасау — ерекше қызық көрінеді. Психологиядан ауылым алыс, білімім таяз, оқыған кітаптарым болмаса да, көп адамдардың мінез-құлқын іштей зерттеп отырамын.
Біз кісінің бір кемшілігін көрсек «өй, осыны қойшы» деп қолымызды бір сілтейміз ғой, өзіміз бейне періште сияқты.
«Менің атым— Қожа» фильмінде Қожаның тентектігін ешкім түсінбейтін еді ғой. Тек Рахманов ағай ғана шәкірт жанын ұғынып, көзіндегі отты көре алды. Әкесі жоқ, анасы — жұмыста. Жалғыз әжесі бар. Сұлтаннан өзге досы да жоқ. Оның үстіне Жантас та жағаласып, Жанарды жағалап жүреді.
Өзінің өмірін қабылдай алмау, көңіл бөлу жетіспегендіктен түрлі сотқарлыққа барады. Ешкім жанын түсінбегендіктен, өзіне назар аударуды қалайды. Мұндайға адамның жаны жалғызсырағандықтан баратындығын бірі білсе, бірі білмейді.
Сол сияқты ұрысқақ, қыңыр, қырсық, іші тар, ашкөз адамдарды көрсек, мұрнымызды тыржитып, іргемізді аулақ салуға тырысамыз.
Түп жағына үңілер болсақ, бала дүниеге келген сәтте сондай қырсық, агрессиясы көп болып туылмайды. Қоғаммен араласа, жүре бойында түрлі мінез қалыптасады.
Үнемі назардан тыс қалы қою, ата-анасының мейір-махаббатына қанбау, ұнатқан ойыншығын ала алмау, құрдастарының өктемдігін көру, достарының материалдық,әлеуметтік жағдайына қарай бөліп-жаруы, қарны аш болу — бәрі-бәрі өсе келе адамнң бойында белгілі бір дәрежеде негативі бар, өмірге өкпесі бар, үнемі біреуді жазғырып жүретін адам болып қалыптастыруына әкеліп соғады.
Өз бойынан белгілі бір кемшілікті байқағанда адам «бұл мінез қашан, неден қалыптасты?» деп ой жүгіртуі керек сияқты. Егер сол немқұрайлы күйі қалдырса, өзімен жұмыс жасамаса, ушығып, қоғамға кесірі тиетін «заһары» ащы адамға айналып кетуі ғажап емес.
Шетелдік фильмдерде ата-ана құрсағындағы баласын сүйіп, ән тыңдатып, ішін сүйіп жатса, біз қазақтар үрке қараймыз ғой. Есінен адасқан деп кекетуіміз де мүмкін. Алайда, тәрбие, балаға деген мейірім — жатырда қалыптасады.
Бала өзін қаламағандығын, жақсы көрмейтіндігін кішкентай кезінен-ақ сезеді. Балалар үйіндегі ақыл-есі кіре қоймаған балаларды көрсеңіз, көздерінде тұңғиық мұң бар. Ойыншыққа жасқана қарайды. Емін-еркін былдырлап, күліп, шақырғанға құлдыраңдап жүгіру де байқалмайды. Неге? Себебі өзінің тастанды екендігін жан дүниесімен сезінеді.
Сол «тастанды» болу сезімі — балаларға күш-жігер, қайрат беріп, алға жетелеуі де, жүрегінде кек тұндырып, түрлі қылмысқа итермелеуі де мүмкін.
Қорқақтық, жасқаншақтық, қырсықтық, агрессия… қай-қайсы мінез бойыңыздан табылса да, ойланыңыз! Қандай жан жараңызды жазу керек, қандай жағдай мінезіңізге әсер етті? Өмірңіздегі өткен өкпелеріңізді кешіріңіз. Ренішті жіберіңіз. Өзіңізді босатыңыз.
Көңілі жұмсақ адамның — күрмеуін тағдыр шешеді. Сіздің ауыр мінезіңіз — өмір жолыңыздың бұралаң-бұлтарысы көп болуына әсер етуі мүмкін. Өз ойыңызды жаза кетіңіз✍️
(с) Мөлдір Рысбек