«Кесте тігетін қыз жоқ»
Бүгінгі қыздарға кесте тіктіріп, шұлық тоқыта алмаймыз. Өзіне ұнаған матадан «қалаған үлгіде көйлек тігіп ал» деп мәжбүрлеу де мүмкін емес. Барлығы сатылады. Барлығы дайын. Өз басым күні бүгінге дейін шаршаған сәтте бір мезгіл кесте тіккенді жақсы көремін. Кестенің өрнегіне қарағанда адам бөтен ой ойламайды. Ойыңнан өрнек салып отырғанда тек соның әдемі болып шығуына көңіл бөлесің. Есіме түскен мына оқиғаны айта кетейін. 1974 жылы Атаның (Бауыржан Момышұлы ) туған күніне арнап әдемі екі жастыққап кестеледім. Әлі күнге дейін сақтаулы. Ата жастыққапты көргенде: «Мені ұзататын қыз құсап… Мынауың не?» – деді ашуланып. «Ата, кешіріңіз, мен мұны өз қолыммен сізге арнап тіктім», – дедім. Сонда барып атаның жүзі жылыды, әйтпесе лақтырып жіберер ме еді… «Қарай гөр, тура машинамен тіккендей», – деп еді сонда өз қолыммен тіккен еңбегімді бағалап. Қолдан істелген нәрсе бөлек болады. Бертінде екі немереме арнайы төркөрпе жасадым. Оны ана жер, мына жерден теберікке берген маталардан құрадым. Ондай теберікке берілген бір жапырақ матаны біреуге бере алмайсың, қалай болса солай тастауға болмайды, мейілінше қажетке жаратқан жақсы. Төркөрпені тігіп жатқанымды көргенде «жұмыс істемегендіктен, ерігіп тігесің ғой, әйтпесе бұл күнде не керектің бәрі дүкенде толып тұр» дегендер де болды. Өкініштісі, мен мұны мүлде басқа мақсатпен тіккенімді олар түсінбеді. Біріншіден, бұл – талай үлкен кісінің теберігі, Құран оқылған жерден келген қыжым, пүліштер. Екіншіден, мен соны өз қолыммен тігіп отырмын. Ертеңгі күні мен өмірден өткен кезде Анарым (келінім) әжесінің немерелеріне өз қолымен тіккенін айтып, мұны келіндеріне табыстайды. Қазақтың кез келген қолөнері атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа осылай жеткен жоқ па?! Өзіміздің қолөнерімізді осылай дамытып, түрлендіріп мұра етіп қалдырмадық па?! Бұдан шығатын корытынды – қыз тәрбиелі болса, келін өнегелі болады. Келін өнегелі болса, ана парасатты болады. Ана парасатты болса, әже данышпан болады. Өмір осылай жалғасады.
Зейнеп Ахметова.