«Ұшқан ұяны» жатқа білетін директор
Білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін қоғамға қандай мұғалімдер қажет? Ал мектеп директорлары қандай болғаны дұрыс? Осы мәселеге жауап іздеп табу маңызды. Себебі, еліміздің дамуы жастардың бәсекеге сай болуына байланысты. Ал оның іргетасы мектепте қалатыны рас.
Құлан ауылы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебінің директоры Шолпан Дайрабаеваны көпшілік құрметтейді. Аталған ауданға жолымыз түскенде Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебіне атбасын бұрдық. Мектеп жап-жаңа болмаса да, жинақылығы көрініп тұр. Бұл мектеп республикалық «Абай оқулары» байқауының бас жүлдегері Қамшыбек Ахмет, республикалық «Ақберен» байқауының жеңімпазы Жәнібек Әміреев, республикалық ғылыми жобалар байқауының жүлдегері Аружан Әкетай секілді түлектерімен мақтанады. Облысымызға белгілі азамат Мұратхан Шүкеев, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің облысымыздағы тілшісі Табиғат Абаилдаев та осы мектепте білім алған. Бұл тізімді жалғай беруге болады. Қазіргі шәкірттерінің ішінде де жеңімпаздар мен жүлдегерлер жетерлік. Білім ошағында 90 адам еңбек етсе, оның 52-сі мұғалім, 335-і оқушы. Ұжымға басшы болып ғана қоймай, озат мектептердің қатарына қосу оңай емес. Директор Дайрабаева сол үдеден шығып жүр. Мектеп басшысы ұжымдағы барша мұғалімдер мен оқушыларға Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабын оқытып, аталған кітапты талдауға арналған арнайы іс-шаралар өткізеді.
– Кітап оқуды мектеп мұғалімдерінен талап еттім. Сол кезде маған ой келді. Ол үшін өзім сол кітаптарды білуім қажет деген. «Ұшқан ұяны» оқып, көптеген тарауларын жаттап алдым. Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» кітабын түгел жатқа айта беремін. Кез келген жерінен айтуға дайынмын. Мұны абырой жинау үшін емес, мұғалімдер мен оқушыларға үлгі болу үшін қолға алдым. Ал біздің мектепте аталған кітаптарды талдау іс-шаралары өте қызықты жүзеге асады. Кітапты талқылауға мұғалімдер де, оқушылар да өте ынталы. Тіпті, аудандық ардагерлер кеңесінен, аудандық білім бөлімінен өкілдер шақырып, ол кісілердің де пікірін тыңдаймыз. Бір сөзбен айтқанда, ондай жүздесуден шәкірттеріміз үлкен әсер алады. Ал кітапқа қызығушылығым оқушы кезімнен басталған. Студент кезімізде де кітаппен дос болдық. Себебі, бізге Жамбыл педагогикалық колледжінде Фарида Алтаева, Шолпан Мамашбаева, Назипа Садықова секілді майталман мұғалімдер сабақ берді. Ал мектепте жұмыс істеу бойынша білікті директор Галина Анисимовадан үйренгенім көп, – дейді Ш.Дайрабаева.
Тәжірибелі басшы басқаратын бұл мектепте маңдайы жарқырап жүрген озат ұстаздар аз емес. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күлсін Исаева, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Шахноза Осилина – өз ісінің шеберлері. Осы қатарға директордың бейім ісі жөніндегі орынбасары Жақсыгүл Абатованы, білікті маман Мария Ниязованы, алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі Мейрамбек Әкімбековті, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Жолшыбек Миятовты қосуға болады. Миятовтың шәкірттері облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері.
Шолпан Дайрабаева басқаратын аталған мектептің жетістіктері көп. Себебі, олар батыр Бауыржанның шығармаларын жатқа біледі, батырдың ерлік жолынан тағылым алады.
Есет ДОСАЛЫ
Т.Рысқұлов ауданы