Ұлы Жеңіс-ұланғайыр мереке
1941-1945 жылдар аралығындағы қасіретті соғыста қасиетті парызын адал орындап, туған елі мен жерін жаудан қорғаған алдыңғы толқын ағалардың ерлігі ешуақытта ұмытылмайды. Жеңіс күні аға ұрпақтың өршіл ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтайтын ең ұлық мереке саналатындығы сондықтан.
Кеше, Ұлы Жеңістің 78 жылдығы мерекесіне орай жиналғандар алдымен «Батырлар аллеясына» бет алды. Мұндағы «Қайғылы ана» ескерткіші алдында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков сөз сөйлеп, көпшілікті Жеңіс күнімен құттықтады. Отан үшін жанын пида еткен жауынгерлерді жыл сайын еске алып, олардыӊ рухына тағзым ету — басты парызымыз екенін атап өтіп, еліміздің бірлігі мен амандығын тіледі. Ел басына қатер төнгенде аудан азаматтары да бір кісідей жұмылып, майданда ерлік көрсеткендер қатарынан табылса, тылда аянбай еңбек етіп Жеңісті жақындатуға үлестерін қосқандарды да тебіреніспен жеткізді. Ішкі істер органының ардагері Сапар Әлімқұлов соғыс жылдары ерлік көрсеткен қазақстандық батыр ағаларымыздың ерлігіне әрдайым құрмет көрсетіле беретіндігін атап өтті. Әрмен қарай Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қаһармандарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев бастап, мекеме, ұйым басшылары мен ұжым қызметкерлері ескерткішке гүл дестелерін қойды.
Гүл қою рәсімінен кейін көпшілік орталық саябақтағы Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың ескерткішіне бет алды. Мұнда аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұманғали Құмғанбаев қалың қауымды айтулы мерекемен құттықтап, ел басына күн туған шақта еліне қорған болған батырлардың бірі — жерлесіміз Ақәділ Суханбаевтың өшпес ерлігі жастарды Отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелейтіндігін айтты. Отан үшін от кешіп, ұрпақ үшін жанын пида еткен ерлеріміздің рухына тағзым ету, ортамызда жүрген ардагер ағаларымызды құрметтеу-кейінгі толқынның қастерлі парызы екендігін баса айтты.
Жиналғандар хас батырды бір минут үнсіздікпен еске алған соң ескерткішке гүл шоқтары қойылып, ерлікке тағзым етілді.
Еліміздің айбынды мерекесі- Ұлы Жеңісті әспеттеген шараларда әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің әншілері жанды тербейтін соғыс кезіндегі әндерді әуелете шырқап, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар жүлдеге ие болды.
Халқымызда «Ер-елінің қорғаны» деген аталы сөзі бар. Бұл күні сын сағатта еліне қорған болған аталарымыз бен тылда уақытпен санаспай Жеңісті жақындатқандардың ерен еңбегіне құрмет көрсетіліп, майдан даласында мерт болған жауынгерлер еске алынды.
Халқымыз үшін тым қымбатқа түскен осы Жеңістің мәні мен маңызын терең түсініп, қашанда қастерлей білу, Отан үшін отқа түскен ерлердің биік тұлғаларын ардақ тұтып, есімдерін естен шығармау бүгінгі ұрпақтың парызы мен қарызы болып қала бермек.
Гүлшахар Әбдіқұлова.