Елді қорғау – ердің ісі
Отан қорғаушылар күніне орай аудан әкімі Бақыт Қазанбасов бір топ әскерилер мен Қайнар бөлімшесінде өрт пен жарылыстан қаза тапқан әскери қызметкерлердің ата-аналары мен бауырларын қабылдады.
Қабылдауда аудан басшысы Бақыт Алпысбайұлы ел тыныштығын қорғау, мемлекет тұтастығын сақтау жолында қызметін мінсіз атқарып келе жатқан аудан аумағындағы бір топ әскерилерді төл мерекесімен құттықтады. Бұдан екі жыл бұрын Қайнар бөлімшесіндегі алапат өртті сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапқан өжет, қайсар азаматтарды тәрбиелеп өсіргені үшін ата-аналарына алғысын білдірді. Аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев әскер-ел өміріндегі маңызды құрылымдық күш, ал Отанды қорғау — абыройлы іс екендігін, ата-бабаларымыздың ерлік істерін жалғастырған хас батырлардың есімі ел есінде сақталатындығын жеткізді.
Жылы жүздесу барысында әскерилер: Қайнар ауылындағы №28349 әскери бөлімінің командирі Еркін Абдысадықовқа, осы бөлімнің инженерлік-саперлік ротасының командирі Әмір Әділұлына, Ақжар ауылындағы №40336 әскери бөлім командирінің орынбасары Данияр Смановқа, осы бөлімнің бағыт бастығы Александр Копильцевке, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жұмылдыру ресурстарының бөлім басшысының көмекшісі Жақсымбет Амиртаевқа аудан әкімінің Алғыс хаты, сондай-ақ, қаза тапқан әскери қызметкерлердің ата-аналары мен бауырларына аудан әкімінің Құттықтау хаты және сый-сияпаттар табысталды.
Қабылдау соңынан шара қатысушылары естелікке суретке түсті.
* * *
Бұдан соң аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйі алдындағы Қайнар әскери бөлімшесінде болған жарылыста қаза тапқан әскери қызметкерлер құрметіне қойылған мемориалдық ескерткіш-тақта жанында жиын өтті.
Онда аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұманғали Құмғанбаев алапат өртті өшіру кезінде қаза тапқан боздақтардың ерліктері мәңгі жасай беретіндігін айтып, жиналғандары Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Одан кейін сөз алған марқұм жауынгер Б.Дәуітбаевтың әкесі Талғат Дәуітбаев батыр болып туған ерлердің есімі ел есінде мәңгі сақталатындығын айтып, елімізге тыныштық пен бейбіт өмір тіледі.
Бұдан соң қатысушылар апаттан қаза болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды, мемориалдық-тақтаға гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
* * *
Жеңіс күніне орай Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.Осы шара барысында 2021 жылы Байзақ ауданы әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі қоймасында орын алған жарылыста ерлікпен қаза болған Бауыржан Дәуітбаев Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. Облыс әкімі аталған орденді марқұмның әкесі Талғат Дәуітбаевқа тапсырды.
Өз тілшіміз.