ОТБАСЫ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Отбасы — әр адам үшін ең жақын әлеуметтік ортасы, қоғамның маңызды бір бөлшегі. Ұрпақ пен ұрпақты табыстырушы, тұтастықтың отын жағушы ерекше ұя. Ықылым заманнан қазақ ұғымында отбасының орны ерекше.
«Отан отбасынан басталады» деген дана халқымыз отбасының қадір – қасиетін жақсы түсіне білген.
Мықты мемлекеттің қалыптасуы үшін әрбір үйдің, әрбір шаңырақтың береке бірлігі жарасымды, ынтымағы ырысты болуы керек.
Бүгін аудандық мәдениет үйінде 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ – нің ұйымдастыруымен «Бақытты отбасы» атты мерекелік кеш болып өтті.
Кешке аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов, мекеме және кәсіпорын қызметкерлері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қала тұрғындары мен жастар қатысты.
Шара барысында жастар «Отбасы құндылығын сақтайық», «Бар байлығым – отбасым» атты сахналық көріністер арқылы отбасыны сақтау, отбасындағы бала тәрбиесі, әр адамның аса жоғарғы құндылығының қайнар бұлағы – отбасы екендігін жиналғандарға жеткізе білді.
Жаңатас көпсалалы колледж білімгерлері өз ата – аналарына деген алғыстарын көркемсөзбен әсерлі жеткізді.
Сарысу ауданының бас имамы Ғалымжан Қонақбаев отбасы бала үшін өмір мектебі, ата-ана өмір тірегі екендігін айтып, отбасында бойына адамгершілік қасиеттерді қалыптастырған, иманды ұрпақ тәрбиелеу жөнінде әңгімеледі.
Мерекелік шарада екі жас отбасының некесі қиылды. Аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің бас маманы Л. Әбдірахманова жас отбасыларға неке куәліктерін салтанатты жағдайда табыс етті.
Мерекелік кешті қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов өткізіліп отырған шараның маңыздылығына тоқталды. Салтанатты жағдайда некелері қиылған жас отбасыларды құттықтап сый-сияпаттар табыс етті. Сонымен қатар, «Бақытты отбасы – ел тірегі атты» балалар арасында өткен сурет байқауының жеңімпаздарын Алғыс хаттармен марапаттады.
Кеш барысында бүгінгі отбасы күніне арналған тақырыптық әндер шырқалды.

Сарысу ауданы әкімдігі