«Болашағы жоқ ауыл болмаса екен»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз», – деген еді. Биылдан басталған ауылды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасынан үлкен үміт күте отырып, біз облыстағы «болашағы жоқ ауыл» деп танылған елді мекендерді аралап көрген едік.
Осыдан біраз жыл бұрын ауылдық аймақтардағы демографиялық жағдайға байланысты кейбір елді мекендер «болашағы жоқ ауыл» деп танылып, тұрғындарының саны елуден аспайтындықтан, әлеуметтік нысан салып, бюджеттен қаржы бөлудің тиімсіздігі айтылған. Бірақ, ондағы тұрғындар туған жерін тастап, ешқайда көшкісі келмейді. Бүгінде облысымызда тұрғындарының саны 50-ден аспайтын 5 ауыл бар екен. Оның біреуі Сарысуда болса, төртеуі Т.Рысқұлов ауданында орналасқан. Ондағы жағдайдың жай-жапсарымен таныса келе байқағанымыз – ол ауылдардың кең де шұрайлы жері мал шаруашылығына жайлы екендігі. Сондықтан, аталған бес ауылды мекендеген халық төрт түлікті төлдетіп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Ал, мектеп, балабақша, медициналық пункті жоқ бұл ауылдағы халықтың жағдайы қандай? Осы сауалдың жауабын іздеп, аталған ауылдармен жақынырақ танысуға тура келді.
Шынын айтқанда, ұлттық құндылықтарды заманның ешбір ағымына қарамастан бұзбай сақтап отырғандар да ең алдымен осы ауылдықтар. Елді таза табиғи азық- түлікпен қамтамасыз етіп отырған да солар. Жаздың аптабына, қыстың аязына төзіп, еңбектің ауыр қамытын арқалап жүрген де ауылдағы ағайын екені рас. Олар тек малдың соңында жүрмей, шаңырағын сәбидің күлкісіне толтырып, бала тәрбиелеп, өсіріп отыр. Балаларының болашағы үшін еңбектің ауыр жүгін өздері көтеріп, жастарын заман көшінен қалмай білім алу үшін орталық аймақтарға жіберуге мәжбүр.
Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, халық саны аз аймақтарда әлеуметтік нысандар жоқ. Солардың бірі – Сарысу ауданындағы Досбол ауылдық округіне қарасты Кіші Көкдала ауылы. Мұндағы қалған он үйде 47 адам өмір сүреді. Ауыл әкімі Абылай Сапарбектің айтуынша, барлық үйдің айналысып отырған жеке кәсібі – мал шаруашылығы бар. Малдың қамымен сол ауылда отырғандықтан, ешбірінің ешқайда қоныс аударуға ниеттері жоқ. Балалары Досбол ауылындағы мектепке арнайы бөлінген қоғамдық көлікпен тасымалданады.
Т.Рысқұлов ауданындағы Көгершін ауылдық округіне қарасты Қосапан ауылында да небәрі 12 үй бар болса, оның 10-ында ғана адам тұрады. Ауыл әкімі Ержан Айдарханның айтуынша, қосапандықтардың бәрінің округ орталығы Көгершінде үйлері бар. Балалары осындағы мектепте оқитындықтан, Көгершіндегі үйлерінде тұратын көрінеді. Қос апандағы баспаналарын тек мал бағу мақсатында пайдаланады. Ал, осы аудандағы Қорағаты ауылдық округіне қарасты Аққайнар, Тойқұдық, Мамыртөбе елді мекендерінде шаруа қожалықтардың жұмысшыларымен қатар, осында туып- өсіп, бұрыннан өмір сүріп келе жатқан тұрғындар да бар. Бұл үш елді мекеннің балалары округ орталығы Қорағатыдағы мектептің интернатында жатып оқиды. Бүгінде Аққайнарда 83, Тойқұдықта 53, Мамыртөбеде 109 адам тұрады.
– Біздегі үлкен мәселе – ауыз су жайы. Орталық ұңғымадан ауыл ортасына 1956 жылы тартылған су құбырлары әбден тозған, әр жері тесіліп жатыр. Сонда да осы жерден адамдар да, мал да су ішеміз. Әр жердегі тесіктерінен су аққан соң тіршілік нәріміз азайып жатыр. Тұрғындар өзіміз тесілген тұстарын байладық, желімдедік, бәрібір бүтінделмеді, – дейді Бажан Ақторпақов ақсақал.
– Көрші ауылда туып-өсіп, осы Аққайнарға келін болып түскенмін. Қазір жасым алпыстан асты. Анау жотаның арғы жағындағы бейітте отағасы, аталарың жатыр, оны қалдырып қайда кетпекпін? Балалар тіршіліктің қамымен жан-жақта күн кешіп жатыр. Өзім осында кіші баламды қолымда қалдырып, өмір сүріп жатырмыз. Мал ұстап отырғандықтан да бұл жерден ешқайда кете алмаймыз әрі үйреніп қалған туған ауылымыз. Бізге ішер суымызды реттеп берсе екен. Сосын мынау шаруа қожалықтарында жұмыс істейтін отбасылар уақытша қоныстанып келіп-кетеді. Солар өлген малын, ит-құсын үйлердің арасындағы ойға тастайды. Кейде содан жағымсыз иіс шығып жатады. Біз баяғыдан келе жатқан тұрғылықты тұрғындар болғандықтан, ауылымызға жанымыз ашиды. Қора- жайымыздан шыққан күл-қоқыстарды ауыл сыртындағы ойпатқа апарып тастаймыз. Ауыл тазалығына барлығы бірдей көңіл бөлсе дейміз. Ауылымызда медпункт жоқ. Сырқаттансақ қаралатын жалғыз дәрігеріміз бар еді, ол да жақында зейнетке шығып, басқа жаққа көшіп кетті. Енді бас ауырып, балтыр сыздаса, ауданға баруға тура келеді, – дейді Бажан атаның сөзін қостаған Күлипа Бисенбаева.
– О рталықпен қарым-қатынас жасайтын көлік мәселесі қиын бізде. Бұрын Қорағатыға барып-келгенге 1000 теңге төлеуші едік, қазір тек барғаның сол сомаға шықты. Мұндағы үйдің бәрінде көлік жоқ қой, орталыққа баратын шаруамыз шығып қалса, көлігі барларға жалынамыз. Тіпті, күнделікті ішіп-жейтін азық-түлігімізді түгендеп әкеліп алу үшін кейде көршілермен бірігіп көлік жалдаймыз. Жекелеп таксимен жүрсең, қымбатқа түседі. Ауылымызда дүкен жоқ. Күйеуімнің онкологиялық сырқаты бар, екі рет ота жасатқан, соны қарап отырмын. Ондай науқасы барлар жиі дәрігерге қаралып, мамандардың бақылауында болуы керек. Сол дәрігерлерге барып- келу үшін үнемі көлік жалдаймыз, денсаулық үшін, өмір үшін қолыңдағы барды аямайсың ғой енді, – деген ауыл тұрғыны Тілеукүл Таңатова көлік жоқта орталықпен байланысудың қиындығын алға тартты.
Тойқұдықтықтарды мазалайтын мәселе тек ауыз су емес.
– Ішетін, жуынатын суды ауылымыздың шеткерірек тұсындағы сайдан есек арбамен тасып отырмыз. Ауыл ішінде жол жоқ, су тасығанда да, үйімізден кіріп-шыққанда да жауын-шашынды кездерде лай, батпаққа малынып жүреміз. Асфальттамаса да, ең болмаса тас төсеп берсе екен. Осыдан төрт жыл бұрын әкімшіліктен келгендер малымызбен бірге су ішіп отырған жерден үйлерге су тартып бермек болды. Бірақ, біз оны әр үйге тартса, малымыз қайдан су ішеді деп бас тарттық. Ақыры айдалада мал үшін отырмыз ғой. Ауылдың екінші жағында Кеңес өкіметі кезінен бері ағып тұрған үлкен су көзі бар. Үйімізге содан су тартып берсін дедік. Бірақ, ол жерді біреу сатып алған екен.
Көктем келсе төңірегіміз батпаққа айналады. Балаларымыз Қорағатыдағы интернатта жатып оқып жүр. Шүкір, өз еңбегімізбен тауып отырған табысымыз жаман емес, малдың бабын жасап, осындай шет аймақты мекендеп отырмыз. Егер ауырып қалсақ, Қорағатыға барып тіркеліп, одан ары ауданға бару керек. Диагнозын анықтау үшін түсетін аппараттарға кезекке қойса, қаншама уақыт күтуге тура келеді. Сол үшін сырқаттанып қалсақ, амалдың жоқтығынан бірден жекеменшік клиникаларға барып қараламыз. Сонда бізге медициналық сақтандыруға ақы төлеудің не қажеті бар? Онлайн оқу болған кезде Алматыдағы студент қызым үйде болып, бұл жерден ғаламтор желісі тартпай, әбден әуреге түсті. Міне, біздің күйіміз осындай. Тұрғындары аз екен деп үкімет бізді назардан тыс қалдырмаса екен. Басқалар көшіп кетсе де туған ауылын тастамай, малдың жайын жасап отырған біз секілді адамдар да осы мемлекеттің азаматтары екенін ескерсе деген тілегіміз бар, – деді Тойқұдықтың тұрғыны Гүлмира Аманова.
Тұрғындардың талап-тілегін арқалап, ауыл әкімінен мәселенің мәнісін сұрадық.
– Аққайнардағы 25 түтіннің 8-інде адам тұрмайды, үйлер бос. Округ орталығынан 11 шақырым қашықтықта орналасқан. Жалпы, ауыл тұрғындары ауыл шаруашылығы саласы бойынша өз бетінше жұмыс жасайды. Ауыл халқы ауыз суды орталықтағы ұңғымадан алып отыр. Орталықтандырылған ауыз су жүйесі тозған. Биыл 5499,94 миллион теңгеге сметалық құжаттары жасалып, аудандық экономика бөліміне өтінім берілді. Аудандық мәслихаттың депутаты Сұлукүл Далибаева халықпен кездесу барысында осы елді мекендердегі мәселелерді мәслихат сессиясында көтеретінін айтып, қаражат бөлдіру үшін жұмыс жүргізуде. Қаржы бөлінген жағдайда ауыл ішіндегі көшеге ауыз су құбыры тартылатын болады. 2019 жылы ауыл ішіндегі Жамбыл көшесіне 900 метр шағал тас төселген. 2018 жылы ауыл орталығына қатынайтын автожол толық күрделі жөндеуден өтіп, асфальтталған. Ауыл тұрғындарының мектеп жасындағы балалары Қорағаты ауылындағы интернатта жатып оқиды. Бұл елді мекенде ешқандай әлеуметтік нысан жоқ.
Тойқұдықтағы 17 үйдің 4-інде қазіргі таңда ешкім тұрмайды, бос тұр. Ауылдың округ орталығы Қорағатыдан ара қашықтығы – 16 шақырым. Мұндағы тұрғындар да ауыл шаруашылығын кәсіп ететіндер. Бұл жерде де ауыз суды орталықтағы ұңғымадан тұтынады. Елді мекенге суды тазарту бойынша кешенді блок-модулі орнатылады. Ауыл ішіндегі Тойқұдық көшесіне 650 метр жерге шағал тас төсеуге сметалық-жобалау құжаттары жасалып, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне өткізілді. Биыл жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2018 жылы ауыл орталығына қатынайтын автожол толық күрделі жөндеуден өтіп, асфальтталған. Ауыл тұрғындарының мектеп жасындағы балалары Қорағаты ауылындағы интернатта жатып оқиды. Рас, байланыс қызметі нашар. «Tele2», «Activ» ұялы байланыс мұнарасын орнатуға сұраныс хат жазылды, – дейді Қорағаты ауылдық округінің әкімі Бақытбек Әбләзімов.
Бақытбек Жақсымбетұлының айтуынша, Мамыртөбедегі 25 үйдің де 9-ы бос тұр. Мұндағы ел мал бағып, жеке кәсіппен айналысып отыр. 2019 жылы ауыл ішіндегі Шілік көшесіне шағал тас төселіп, асфальтталған. 2018 жылы ауыл орталығына қатынайтын автожол толық күрделі жөндеуден өткен.
Әрине, тұрғындар саны аз ауылдарға қаржы бөлу мәселесі қиынның қиыны екені рас. Дала төсіне мал өрістетіп, елді сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған мұндағы жұрттың жағдайы көңіл көншітерлік еместігі де шындық. Дегенмен, халық саны аз болса да бала өсіріп, тіршілік етіп отырған аядай аймақты қалай «болашағы жоқ» деуге болады? Сондықтан алтын бесігіне балаған туған жерінен кеткісі келмейтін тұрғындардың ауылдарды дамытуды көздеген тұжырымдаманың шарапатын көргісі келетін талаптары орынды демеске шараң жоқ!
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов,
Сарысу аудандары