Мәдениет саласының мәселелері шешіледі
Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасынан соң клуб құрылымдарын пайдалану қажеттілігін анықтау мақсатында жүргізілген зерделеу барысында 96 штат бірлігінің қажеттілігі анықталып, тиісті жұмыстар атқарылған. Нәтижесінде 8 ауданға 94 штат үйірме жетекшісі беріліп, 77 маман қабылданды. Жаңадан 111 үйірме ашылған десек, олардың қатарында домбыра, вокал, драма, көркемсөз, би, тағы басқалар бар.
Ол туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты айтылып, мәдениет саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен мәселелер талқыланды.
Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдың айтуынша, облыс бойынша тұрғындарға 510 мәдени мекеме қызмет көрсетуде.
– Облыс тұрғындарына мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп отырған 197 мәдениет үйі мен клубтарда 841 үйірмеге 10 318 адам қатысуда. Өзіңіздің тапсырмаңызға сәйкес, клуб құрылымдарын пайдалану қажеттілігін анықтау мақсатында былтырғы жылы жүргізілген зерделеуден кейін 96 штат бірлігінің қажеттілігі анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Мойынқұм ауданы тарапынан 4 штат бірлігі артық берілді. Нәтижесінде 8 ауданға 94 штат үйірме жетекшісі беріліп, 77 маман қабылданды. Жаңадан 111 үйірме ашылып, 1393 балалар қамтылды.
Зерделеудің қорытындысымен қажеттілігі жоқ үйірмелер жабылды. Жалпы, балалар үйірмесі 120-ға, оған қатысушылар саны 2172-ге артты, – деді Ерлан Жүнісбай.
Сондай-ақ, басқарманың ақпаратынша кітапханалар жанынан ашылған 183 цифрландырылған ақпараттық орталықтардың жұмысы зерделеніп, ережеге сай келмейтін 58 цифрландырылған ақпараттық орталықтың бүгінгі таңда Байзақ ауданында 17, Жамбыл ауданында 13, Т.Рысқұлов ауданының 1 кітапханасы қалпына келтірілген. Қалған 27 цифрландырылған ақпараттық орталықтарды қалпына келтіру үшін, техникалық жабдықтарына аудандар тарапынан бюджетке өтінім берілген.
Осы жылдың І тоқсанының есебі бойынша ақпараттық орталықтарда egov.kz порталы арқылы 20 қызмет түрінен 19 552 анықтама беріліпті. Басқосуда биыл 14 мәдениет нысанының құрылысын жүргізуге бюджеттен барлығы 1,4 миллиард теңге қарастырылған. Аталған қаражат есебінен 2022 жылдан өтпелі 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 7 мәдениет нысанының құрылысына республикалық бюджеттен 807,9 миллион теңге қаражат қарастырылды. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге мердігерді анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
2023 жылдың қорытындысы бойынша 9 мәдениет нысандарының құрылысын аяқтау жоспарланған. Қалған 5 жоба жоспарға сәйкес 2024 жылға өтпелі. Бұдан бөлек, осы жылы 21 нысан күрделі және ағымдағы жөндеуден өтеді.
Облыс әкімі 2027 жылға дейін ауылдық мекендерді толығымен мәдени нысандармен қамту керектігін баса айтып, сала қызметкерлерін квотамен оқыту, маман тапшылығын шешу, үйірмелердің қажеттілігін тағы да нақтылау бойынша тиісті жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.
Aqjol Aqparat