Ауылдарға таза ауыз су тартылуда
Таза ауыз су мәселесі республикамызда ғана емес, әлемдегі өзекті мәселенің бірі болып отыр. Мемлекет басшысы алдымызға қойып отырған міндет – 2025 жылға дейін қала мен барлық елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары бүгінде Жамбыл мен Қордай ауданында іске асырылуда.
– Қазіргі таңда Жамбыл ауданы аумағында үш елді мекеннің, атап айтсақ, Бесағаш, Түрксіб, Қаракемер ауылдарында таза ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде Қаракемер ауылының таза ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстары аяқталып, құжаттары рәсімделуде. Бесағаш ауылында да таза ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, әр үйге кіргізілуде. Сонымен қатар, Түрксіб ауылындағы нысанның құрылыс жұмыстарын тамыз айына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттің нақтылауына екі жоба ұсынылған болатын. Сондай-ақ, аудан әкімдігі тарапынан бүгінгі күні төрт елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Мамыр айының соңына дейін 2 елді мекеннің жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуді аяқтап, 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттің қарастырылуына осы айдың соңына дейін ұсыну жоспарлануда, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, Қордай ауданы аумағында 5 елді мекеннің таза ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстары атқарылуда. Қазіргі таңда Қарасу ауылының ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілсе, оны қыркүйек айының соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Ал, Қайнар ауылы бойынша сот процесі өтуде.
Ноғайбай, Сарыбұлақ, Степное елді мекендерінде ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстары басталған. Нысандарды пайдалануға тапсыру қараша айына жоспарланған. Сондай- ақ, 2023 жылғы республикалық бюджеттің нақтылауына бес жоба ұсынылып, биыл оның қаржысы бір жобаға қаралған болса, қалған төрт жобаны қаржыландыру 2024 жылға қойылған. Бүгінгі таңда аталған жобалардың мердігерлерін анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, Бәйтерек, Соғанды, Шарбақты елді мекендері бойынша бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Жобаларға сараптама қорытындысын маусым айының соңына дейін алу жоспарланған. Қорытындылары алынғаннан кейін 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттің қалыптастырылуына қосымша ұсынылатын болады.
Айта кету керек, облыс аумағында тұрғындарды таза ауыз сумен жабдықтау, сонымен қатар, ауыз су жүйелері ескірген елді мекендерді реконструкциялау және газдандыру жұмыстары қатар жүргізілуде.
Жиын соңында басқарма басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ.