Қарагөз Сүлейменова: Дінді ақша үшін, атақ үшін насихаттауға болмайды
Елімізге еңбегі сіңген қайраткер, танымал актер Досхан Жолжақсыновтың жары Қарагөз Сүлейменова жаппай хиджап киіп, дінді насихаттап жүрген қыздарға қатысты пікірін білдірді. Қайраткер бұл туралы инстаграм желісінде мәлімдеді.
«Соңғы уақытта дінге, жаппай хиджабқа өткен қыздарымызға қатысты ел арасында сөз көбейді. Қазақ қызының тәрбиесін, отбасы құндылықтарын, қазақы болмыс ұғымын инстаграмда 6-7 жылдан жазып келе жатырмын. Бұл мәселенің ұшы біраздан басталған еді… Біз қазақтың әйелі Азияның хақ ортасында тұрған, бетін бүркемеген, елі үшін қажет болса атқа мінген мықты аналардың жалғасымыз. Қазақстан зайырлы мемлекет. Дін бостандығы сақталған ел. Бірақ әр елде Ислам діні өз дәстүріне сай шығады. Ислам дінінің кереметтігі де де сол Өзбекстанға барсаңыз Өзбектің шапанымен, қазақтың тақиясымен алдыңыздан шығады. Яғни әр ел өзінің дәстүрлі, ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, дінді ұстану керек деп санаймын. Дін мен дәстүр ешқашан қайшы келмейді. Бірақ кей жастарамыздың арасындағы жалған фанатизм дәстүрлерді жоққа шығарып, насихаттатып жатыр. Бұл адасқандық. Әсіресе мынау ТикТок желісінде күні түні қара жамалып, тікелей эфирде әр нәрсені айтып отырған жастардың ұстанған діні қайсы? Дін өте нәзік ұғым. Әр адамның жүрек түбіндегі Алламен байланысы. Қазақ ешқашан Исламнан безген емес. Абайды да Ұлжан анамыз дәретсіз емізбеген. Бірақ қазақы болмысын, ұлттық киімін, дәстүрін ұстанған. Жастар арасында қазақы сөздерді арабша айту да тренд қазір. Бұл да дұрыс емес дүние. Құранның сөзі хақ сөз. Намаз арабша оқылады. Бірақ күнделікті өмірде қазақ тілі шұбарланбай таза қолданылуы керек. Онсыз да тілімізге енді жеттік… Исламды ақша үшін, атақ үшін насихаттауға болмайды. Халықтың діни сауатын ашуда әркім отырып алып өз білгенін айтатын заман болды. Осы тұста мемлекет елде жүріп жатқан діни насихатты әркімнің айтуын қадағалау керек деп ойлаймын. Дін шарқ ұрып, жария салатын емес, көркемдігімен ізгілігімен үлгі болатын, іспен, жүрекпен көрсететін дүние. Дәстүрлі қазақы исламды сақтауымыз керек. Ұлттық болмысымызды сақтауымыз керек. Ертең дәл осы жастардың жолдан тайып, басқа дүние насихаттамасына кім кепіл? Дін әркім айта беретін жылтырақ емес. Алламен байланыс әр адамда жеке болуы керек»,-деді Қарагөз Сүлейменова.
Қаракөз Сүлейменова ФБ парақшасынан