Үміт құсын үкілеген Алпысбай
Жуырда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Талғат Айтбайұлының құрастыруымен «Тоғанай Т» баспасынан «Үміт құсын үкілеген Алпысбай» атты естелік кітап жарық көрген еді.
Бұл кітапты құрастыруды өз міндетіне алған Талғат Айтбайұлы осылайша өмірден алты жыл бұрын қайтқан досы әрі жерлесі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алпысбай Шымырбаевтың соңғы жылдарда түрлі басылымдар мен әлеуметтік желіде жарық көрген жарияланымдарын жинақтап, бір кітапқа сыйдырып отыр. Онда замандастардың естеліктері де қамтылған.
Қамшының сабындай қысқа өмірде қарапайым өмір кешкен Алпысбай Шымырбаевты жерлестері қимастықпен еске алып, жаңа жинақтың тұсауын кесті. Алпысбайдың мұраларын жинап, бұл кешті ұйымдастырып жүрген де Талғат Айтбайұлының өзі.
Алпысбай Шымырбаевтың қаламынан туған «Үміт құсы», «Қарлығаш ұя салған шаңырақ», «Шырқа, керней» және «Көңілді тоқсан» атты балаларға арнап жазған кітаптары оқырманға жақсы таныс. 1971 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген ол «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Білім және еңбек» журналында, «Казгра» Жобалау академиясының редакция-баспа орталығында қызмет істеген. 1992 жылдан еларалық «Ғажап Үндістан» журналының бас редакторы, 2008 жылдан өмірінің соңына дейін ҚР Мемлекеттік Орталық музейде жетекші редактор міндетін атқарған. Оның осынау өмір жолымен таныстырудан бастаған кеш әуелі Жуалы ауданының өзі білім алған Қошқарата ауылындағы Абай атындағы орта мектептен бастау алып, аудандық «Достық» мәдениет үйінде жалғасын тапты.
Мұндағы әдеби-сазды кешті аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова құттықтау сөзімен ашып, жазушының жары Гүлжамила Райымбековаға аудан әкімінің ықылас гүлін табыстады. Одан ары қарай кешті Талғат Айтбайұлы жүргізді. Кешке жазушының достары, қатарластары, кітапхана оқырмандары мен Алматы және Астанадан арнайы келген қонақтар қатысты.
Жазушының жары, өзі де жазушы Гүлжамила Райымбекова жұбайы туралы, оның жақсы қасиеттерін оқырмандарына тебірене жеткізді. Шығармашылығына да тоқталды. Осындай кеш өткізіп жатқан аудан басшылығына алғысын жеткізді.
Жаңа кітаптың тұсауын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Доқтырхан Тұрлыбек пен ардагер журналист Ақылжан Мамыт кесті. Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – жазушының 1970-1980 жылдары жазған әңгімелері, мақалалары мен өмірінің кейінгі жылдары Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған жырлары мен үзік сырларынан құралған. Екінші бөлімінде парталастары мен қызметтес, қаламдас болған ағалары мен достарының, бір ауылдың суын ішіп, қатар өскен ағайындарының, аяулы ұстазының, өмірлік сыңарының сырға толы, қимастық сезімге құрылған естелік материалдары енген. Кітап көпшілік оқырманға арналған.
Әдеби кеш барысында марқұмның құрдасы Нұрмахан Жүнісәлиев, ақын Жеңіскүл Сейітқұлова, Ақылжан Мамыт, Дәулет Медетов, немересі Шыңғыс Алпысбай, замандас ағасы Жақсылық Айбасов сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.
Кеште жазушыға арнаған арнауларын М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушылары Ералы Батырхан мен Саяжан Кәдірқұл оқып, тыңдарманының ризашылығына бөленді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы