Көкбастау
«Әрбір бұлақтың өз егесі, өз киесі болады», деген ұғым бар халық түсінігінде. Осындай құпияға толы бұлақтың бірі – Теріс ауылында орналасқан Көкбастау. Ол бұлақ суын орта ғасырларда өмір сүрген «Баркуаб» қаласының тұрғындары тұтынған. Бұлақтан қалаға қыш құбыр арқылы су жүйесі жүргізіліпті.
Бұрын бұлақтың көзі екеу болған. Бүгінде оның бір көзі ұйықтанып, бітеліп қалған. Ал, екіншісі Теріс ауылының оңтүстік қыр жақ бетіндегі жыра қолтығында қайнап жатыр. Аумағы шағын ғана бұлаққа қырдан төмен қарағанда көз сияқты көрінеді. Адамның көз қарашығы тәрізді – ортасы қайнар, айналасы ақ керіш, жағасын ши қоршап жатыр. Суы таза, мөлдір, бал татиды. «Бұлақ суы – асқазан, өт, бауыр, жалпы ішкі ағзаларға дауа, бала көтермеген әйелдер мен жолы болмай жүргендерге септігі тиеді», дейді айтушылар. Бұлақ жерасты су көздері арқылы Түркістандағы Әулие бастаулармен де байланысы бар деген болжам бар.
«Бастау иесі жалғыз көзді, арқасында жалы бар шолақ құйрық кішкене ғана айдаһар. Ол екі бұлақ арасында жүгіріп жүретін болған. Қос бұлақтың арасындағы із соның ізі деп айтатын бізге аталарымыз», – дейді ауыл тұрғыны Әлібек Қалымбетов. Ол тек арқалы, әруақты кісілердің көзіне ғана көрінеді екен. Сондай-ақ, су бетінде әр түсті бейнелер беру арқылы да аян береді-мыс.
Бұлақ басына тәу етіп келушілер көп. Бәрі де бір Аллаға сыйынып, отбасына жақсылық тілеп келеді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы