СҰРАЙ БІЛУ…

Ертеде Абаймен замандас әрі рулас Қиясбай деген кедей болыпты. Ол өзінің тапқырлығымен, күлдіргіштігімен, әзілімен атағы шыққан адам екен.

Абай осының осы қасиеттерін терең бағалап, қатты сыйлапты. Бір күні Қиясбай Абай ауылына келеді. Абай оны жақсылап қонақ етеді.
Қиясбайдың тапқырлығына қызыққан Абай әдейі сөз тартып, аттанарында оның бұйымтайын сұрапты. Қиясбай балаларына көже-қатық сұрай келгенін айтады.
Сонда Абай бәйбішесіне:
— Мына Қиясбайды етханаға кіргіз, қалағанынша ет алып шықсын, — дейді. Етханада біраз кідірген Қиясбай қойдың басы мен төрт сирағын ғана алып шығады. Бұған таңданған Абай оның мәнісін сұрағанда, Қиясбай қолма-қол:
— Басы, төрт аяғы бар қой жетекке жүре бермей ме? – деп жауап береді. Сөзден жеңілген Абай:
— Ендеше, қорадан таңдап бір қой ал, — дейді. Қиясбай қорадағы қойды ол шетінен бұ шетіне бытыратып қуа береді.
Бірақ ешқайсысын ұстамайды. «Мұнда бір мән бар шығар» деген оймен Абай оны тоқтатып алып, себебін сұрайды. Сонда Қиясбай:
— Алдыма салып айдап әкетемін десем, жалғыз қой отардан шығатын емес, — деген екен.
Сонша малдан жалғыз қой ұсынғанына қысылған Абай:
— «Сөз тапқанға қолқа жоқ», — деп, сол жолы Қиясбайға айдап кететіндей оншақты тұяқ беріпті.