АГРОСАЛАДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы агросаланың дамуымен тығыз байланысты. Сондықтан да ауыл шаруашылығы — ел экономикасының сәтті дамуына ерекше серпін беріп отырған негізгі драйверлердің бірі екендігі даусыз.
Жамбыл облысы ауыл шаруашылығын жүргізуге өте қолайлы аймақ болғандықтан өңірдегі 18 мыңнан астам шаруашылықтар жыл сайын масақты дәнді дақылдар мен майлы дақылдар, картоп, қант қызылшасы мен мал азығы және көкөніс-бақша дақылдарын егіп, ел ырыздығына айналдырып келеді.
Дегенмен, асыраушы салада шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Ал, анықталған мәселерді шешудің жолдары қандай? Осы сұрақтар төңірегінде бүгін «Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселер» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.
«Қазақстан Халық партиясы» Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен, ауыл шаруашылығы басқармасының қолдауымен өткен жиында «Қазақстан Халық партиясы» Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Жанат Бастаубаева ауыл шаруашылығындағы мәселелер күн тәртібінде тұрғанын жеткізді.
— Біздің партия қашанда ауыл шаруашылығынан бастау алатын барлық салаға қатысты жайттарға бей-жай қарап қалмайды. Экономиканың ең маңызды саласының бірі — ауыл шаруашылығы болғандықтан, өңіріміздің агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндеттер көп. Сондықтан ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты дамыту, нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында үлкен нәтижеге жету үшін жүйелі жұмыстар жүргізу қажет, — деді Жанат Абдуалиқызы.
Одан кейін сөз алған басқарма басшысы Нұрби Жігітеков атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндап, күн тәртібіндегі мәселелер тұрақты бақылауда екендігін жеткізді.
Сондай-ақ, ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Көкей, жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Біржан Башанов және ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы, қайта өңдеу, инвестиция бөлімдерінің басшылары өз салаларындағы өзекті мәселерге тоқталып, оларды шешудің жолдарын тілге тиек етті.
Жалпы жиын барысында көтерілген барлық мәселелер жан-жақты қаралып, ұсыныс-пікірлер талқыланды және партия өкілдері олардың шешілуіне ат салысатындарын жеткізді.

Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы