ШЕРХАН МҰРТАЗАНЫҢ «АУЫЛДЫ, СЕНІ САҒЫНАМ» КІТАБЫ ЗАҒИП ЖАНДАР ҮШІН БРАЙЛЬ ӘРПІМЕН БАСЫЛДЫ

Шерхан Мұртазаның шығармаларын насихаттау жұмысы зағип жандар арасында да ауқымды түрде жүруде. Оған бірден бір дәлел 2022 жылы Шерхан мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының ұйытқысымен жарық көрген жазушының «Ауылды, сені сағынам…» кітабының ендігі кезекте брайль әрпімен басылуы.
⚜Жазушының 90 жылдық мерейтойы аясында жарық көріп, көпшілік оқырманға жол тартқаннан кейін дәл осы кітапты зағип жандарға да қол жетімді ету мақсатында Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана қызметкерлері орталық қызметкерлерімен бірлесе жұмыс жүргізуді ұсынған болатын. Бұл бастама 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында қолға алынды. Соның нәтижесі бүгін Шерағаңның өз үйінде таныстырылып, кітаптың ресми тұсаукесер рәсімі өтті.
⚜Екі томдық кітапты брайль құрылғысымен қайта басқан облыстық арнайы кітапхананың кітапханашысы Ербол Бегимов екенін айта кеткен жөн. Кітапханашының айтуынша бұл жұмыс екі айдан аса уақытты қажет еткен. Алдағы уақытта да Шерхан Мұртаза шығармаларын зағип жандарға қолжетімді ету жұмысы жалғасатынын да айтты. Бұған дейін жазушының «Бір кем дүние» шығармасы да дәл осы тәсілмен өз оқырмандарына жол тартқан.
⚜ Кітаптың қызыл лентасын қиюға Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының директоры Жанна Алшынбаева, Талапты ауылының тұрғыны, ардагер кітапханашы Сара Мелдеханова, «Болашақ» мектеп интернатының директоры Эльмира Саухымбекқызы және Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының Шерхантану бөлімінің меңгерушісі Н.Қожамарова шақырылып, сөз сөйледі.
⚜Тұсаукесер рәсімінде зағип және нашар көретін балаларға арналған «Болашақ» мектеп-интернатының оқушыларымен бірлесе дайындалған «Интернат наны» сахналық көрінісі, интернат оқушыларының орындауындағы әсем әндер көрерменді толғандырып, ой салды. Сонымен қатар, іс-шара барысында «Бір кем дүние», «41 жылғы келіншек» шығармаларынан үзінділер сахналанды.
⚜Іс-шараға зағип және нашар көретін балаларға арналған «Болашақ» мектеп-интернатының балалары, кітапхана қызметкерлері мен Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қызметкерлері, Жуалы ауданының тағылымдамадан өтіп жүрген қызық тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздары, БАҚ өкілдері қатысты.
⚜Іс-шараның соңында келген қонақтарға орталықтың қызметкерлері Фарида Метеркулова мен Гүлсім Шоңғарова Шераға үйін таныстырып, тарихи жәдігерлеріне шолу жасады.

Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы