Жастарға патриоттық тәрбие ауадай қажет

Отан қорғаушылар күніне орай елорда көлемінде маңызды іс-шаралар болып өтті. 7 мамыр күні Үркер тұрғын алабында мерекелік концерт ұйымдастырылды. Мерекелік шараға жиналған қала тұрғындары мен Ұлттық ұланның №5573 әскери бөлімінің отставкадағы және қазіргі әскери қызметшілері алдында Ұлттық ұланның әскери оркестрі өнер көрсетті. Көңілді концерттен кейін жиналған қауым жорық шатырларында сарбаздар дайындаған тағамдардан дәм татты.

«Ант берген сәттен бастап әрбір әскери қызметкерге қазақстандықтардың бейбіт өмірін сақтау жауапкершілігі жүктеледі. Елдің қорғаушысы болу, Отан алдындағы борышын орындау және өмірін Отанға қызмет етуге арнау ауыртпалық емес, бұл – үлкен құрмет. Әрбір әскери қызметшіні мерекемен құттықтаймын!» – деді ҚР Ұлттық ұланының №5573 әскери бөлімінің командирі, полковник Аян Есжанов.

Соңғы жылдары елімізде жастарды патриоттыққа баулитын түрлі іс-шаралар жиі өткізіліп келеді. Бұл іске әскери мекемелерден бөлек қоғамдық ұйымдар да атсалысып жүр. Жылда Отан қорғаушылар күні қарсаңында мешіттерде де елдің бірлігін сақтауға, Отанның тұтастығын қорғауға үндейтін уағыздар айтылып, жастарға ой салып жатыр. Әз Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) жеткен сенімді бір хадисте «Екі түрлі көз тозаққа күймейді. Соның бірі – Отанын күзеткен көз» – деген екен. Бұл сөзді де имамдар көпшілік алдында, жұртқа өнеге, үлгі ретінде айтқаны есімізде.

Қазіргі таңда жастардың отаншылдық рухын оятып, әскери қызметтің беделін одан ары көтеру, өткен бабаларымыздың ерлікке толы өмірін өнеге ете білу әрбір қазақстандықтың борышы деп білеміз.

 

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ