Қаржы пирамидалары халықты алдап соғуда
Қаржылық пирамидалардың елімізде өркен жаюына қаржылық институттар мен құралдардың қажетті деңгейде жетілмеуі және халықтың қаржылық сауатының төмендігі себеп болуда. Алданған адамдардың қаржылық пирамидаларға салған қаражатының көлеміне қарасақ, оларда артық ақша барын аңғаруға болады екен. Олар қаражатын инвестициялауға дайын. Алайда адал инвестициялық ұйымдар мен нақты өндірістік жобалар жоқтың қасы. Яғни бізде ішкі инвесторлар әлеуетін пайдалану тәжірибесі мүлде дамымаған десе де болады. Ол тұрмақ, жиналған ақшаны (мысалы, зейнетақы қорындағы) игерудің, тиімді басқарудың өзі қиын болып отырғанда, халықтық IPO туралы айтпаса да болады. Бұл жағдай қаржылық институттардың жұмысының әлсіздігі мен тиімсіздігінен туындап отыр.
Екінші жағынан, азаматтарымыз қарапайым экономика заңдылықтарын білмейді: яғни шығын мен кірістің ара қатынасын ажырата алмайды. Оңай жолмен ауадан ақша жасауға болатынына сенеді. Бұған халықтың қаржылық және құқықтық сауаты мен мәдениетінің тым төмен болуы да әсер етіп отыр. Осы туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде айтып өтті. Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметтеріне сәйкес, «Гарант24 Ломбард» ұйымына адамдардың салған ақшасының көлемі 5 млрд теңгеден асып жығылады екен. Жалған ұйым 42 мыңнан астам адаммен шарт жасасыпты. Осыған орай, Қылмыстық кодекстің алаяқтық және қаржы пирамидасына қатысты 190 және 217-баптары бойынша 22 қылмыстық іс қозғалды.
Иә, бұл Қазақстандағы бірінші қаржылық алаяқтық оқиғасы емес. Ірілі-ұсақты қаржы пирамидалары жыл сайын халықтың сеніміне кіріп алдап, ақшасынан айырып жатыр. Бірақ бұдан сабақ алып отырған адам көп емес.
Бүгінде бір компанияға қаржы салу туралы таныс, туыстарынан немесе жеке қоңырау шалу арқылы ұсыныс алмаған адам некен-саяқ. Мұндайда бірден бас тартатындар бар. Алайда қызығып, кірісі қанша екенін сұрайтындар да жеткілікті. Өкініштісі, компанияның қаржылық жағдайы, қызметі, табыс көзінен гөрі адамдарды қаржы салу жолдары, одан қандай табыс табатыны және табыс тапқан адамдар туралы ақпарат көбірек қызықтырады екен. Адамдарға ұсыныс жасаушының қоғамдағы бедел-абыройы мен танымалдылығы да әсер етеді. Сөйтіп, өз ақылынан гөрі өзгенің ақылын тыңдап жатады.
Қаржы пирамидаларының келесі белгілерін үнемі есте ұстаған жөн:
Қатысушыларға аз уақыт ішінде немесе жүйелі түрде түсіп отыратын ақылға қонымсыз көп мөлшердегі кірісті уәде етеді. Мысалы, «салған ақшаңды екі есе етіп қайтарасың, айына 30-40-50 пайыз кіріс кіреді» деген сияқты бос уәделер;
Алғашқы жарна ретінде мол қаражатты сұрайды (кейде аз болуы да мүмкін). Ақша салу барысында нақты өнім, тауар болмайды немесе ұсынылып отырған тауар бағасы оның өзіндік құнынан бірнеше есе қымбат болады;
Негізгі түсім жаңа салымшылардың салған ақшасына байланысты түседі және төлемдер де адам тартуына қарай төленеді;
Ұйымның нақты қызметі түсініксіз, бірақ қаржы, инвестиция саласымен байланысты болады. Өз қызметін «Алтынға, қаржылық қорға ақша саламыз» деп түсіндіреді.
Жарнама тым белсенді жасалады, үгіт-насихат үшін маркетингтік көптеген айла-тәсілдер қолданылады;
Төмен пайызбен кредит, қарыз береді немесе жоғары пайызбен депозит ашуға мүмкіндік береді. «Банктегі кредитіңіздің 30-40 пайызын ұйымға құйсаңыз, қалған бөлігін жауып береміз» дегендей ұсыныстар да айтылады;
Ұйым атауында, символикасы мен жарнамасында нарықта бар танымал банктер, микроқаржылық ұйымдар, ломбардтармен ұқсастық болады;
Ұйым сайты кәсіби емес, жарнамалық мақсаттағы арзанқол деңгейде болады. Сайтта жарғылық құжаттар, басшылық туралы ақпарат толық берілмейді.
Осылайша, тек қаражат салу арқылы ашық не желілік маркетингтің атын жамылған «пирамида-ұйымдар» салымшыларды барынша көбірек тартады да, ең жоғарысында тұрғандар кірісі еселеп өсіп, кейін жаңа салымшылар саны азайғанда пирамида құлайды. Сөйтіп табысқа жетпеген, бірақ қаражат салған пирамиданың ортасы мен төменгі қабаттарындағы салымшылар түк пайдасыз жер сипап қалады.
Ал шынайы желілік маркетинг жаңа клиенттерге байланбайтынын айтып өткен жөн. Оларда ұйым табысының 95 пайызы жеке клиенттерден, тек 5 пайызы ғана әріптестік орнату арқылы түсіп отырады. Яғни, ұсынылған тауардың нарықта өз бренді, тұтынушылары болады.
Ал «Қаржылық пирамида ұйымдар салымшыларын қалай арбайды және адамдар оларға қалай алданады?» десек, мынадай белгілерді байқауға болады:
Ресми органнан алған құжатпен сендіреді. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ретінде заңды тіркелген ұйымының құжатын көрсетеді. Бұл құжат, әдетте, ұйым кеңсесінде ілулі тұрады. Алайда, елімізде заңды тұлғаны тіркеудің www.egov.kz сайты арқылы 5-10 минутта жүзеге асатынын көпшілік азаматтар білмейді. Білсе де, оған негізгі құжат ретінде сенеді;
Салымнан мол табыс тапқан, шетелге саяхаттаған, қымбат көлік не өзге бұйымдарға қол жеткізген жандардың нақты мысалымен сендіреді. Адамдар бейсаналы түрде олардың орнына өзін қойып көріп, көңілі ауады. Психологиялық, материалдық тұрғыда байланады. Өзгенің сынын қабылдамай, керісінше, басқаларды үгіттей бастайды;
Адамдардың әлсіз тұстарын дөп басады. Материалдық еркіндік, сұлулық, салмақ тастау, кәсіп ашу, өзіңді жетілдіру, өзіңе сенімді күшейту және осы секілді басқа да бүгінгі заманғы трендтегі құндылықтарды ұсынады. Осылайша, салымшылардың басын айналдырып, қосымша кеңес, тренингтер жүргізеді. Әлеуметтік желі арқылы жарнама жасайды;
Ең қымбат капитал – адам сенімін қолданады. Насихатшылар бейтаныс адамдарды тартпайды, өз ортасынан жаңа мүшелер іздейді. Адамдардың туыстығын, беделін, достығын, сезімін ортаға салып пайдаланады. Әрине, бұл дұрыс емес нәрсе!