Қаржы пирамидасы: халықты байыту ма, әлде алдау ма?

Желілік маркетингтен айырмашылықтары

Қазіргі уақытта желілік маркетингпен шұғылданбайтын адамды табу қиын шығар. Екінің бірі осы саудамен айналысып, ақша табуда. Кейбір ортада таныстарыңызды кездестіре қалсаңыз, өзінің компаниясының керемет артықшылығын айтып жарнамалап, соған тіркеліп, тауар алуға үгіттейді. Адамды мезі қылатын  ми ашытқыштардан бәрі қашқақтап, аулақ жүруге тырысады. Мен білетін таныстардан сондайлар өте көп. БАД өнімдерін, косметикасын, химиялық құралдарын мақтап, «осыны неге алмайсың, ең таза өнім! Біздің компанияға кірсең байып кетесің, мен сияқты үй, көлік алып, шетел аралап жүресің!» – дейді. Көшеде жүрсең, қабырғаға жапсырылған жарнамалар да көп. Онда: «Үйде отырып көп ақша табудың жолдарын үйретем», «Айына 300-400 мың теңге алып, тез байығың келсе, бізге кел!», «Офисте отырып компьютермен жұмыс істе!» деп қызықтырып жазып қояды. Алайда жұмыс іздеп жүрген жастар айтқан бизнес орталығына барса, ол желілік маркетинг болып шығады. «Бәлен жерде алтын бар, барсам, бақыр да жоқ» дегендей, бұл неғылған батпан құйрық? Олардың мақсаты –  жұмысқа мұқтаж қыз-жігіттерді алдап-сулап офистеріне шақырып алып, шығарып отырған өнімдерін жарнамалау. «Басында осындай сомаға (100-200 мың теңге, одан да көп болуы мүмкін) тауар ал, содан сатып тапқан пайдаң өзіңе түседі. Сосын артыңнан бірнеше адамды тіркейсің. Ал олардан түскен табыс саған түсіп отырады. Сөйтіп сен мол ақшаға кенелесің!» – дейді-міс.

Жалпы желілік маркетингке қазір әлемнің бірқатар мемлекеттерінде тыйым салынған.  АҚШ, ҚХР, Кореяда бұл бизнеске заңмен тосқауыл қойылған. Желілік маркетингтің халық арасына кеңінен таралған негізгі өнімдері косметика мен тұрмыстық химия мен ыдыс-аяқ, дәрі-дәрмек, т.б. Бұл өнімдерді көптеп өндіруші мемлекеттерде ішкі нарықта тыйым салынған. Ал сыртқы нарық болса, осы өнімге зәру екен. Көпшілік  қаржы пирамидасы мен желілік маркетингті айыра алмай  жатады. Зерттеп көрсек, желілік маркетинг қазір кең қолданыста екен. Негізінен екеуінің ұғымы екі бөлек. Қаржы пирамидасы дегеніміз – адамдарды алдап-арбауға құрылған бизнестің бір түрі. Олар ешқандай өнім мен тауар ұсынбайды. Айналымда тек ақша ғана жүреді. Бұл жүйеде пирамиданың басында тұрған салымшылардың қалтасы қампаяды да, соңғылары мұзға отырады. Олардың ғұмыры да ұзаққа  бармайды екен. Сондықтан қаржылық пирамидаға ақша салу – тәуекелге бел буу деген сөз. Ал желілік маркетингте белгілі бір соманы саласыз, компания сізге өз тауарын береді. Мұнда да пирамидалық құрылым бар, адамдар арты-артынан тіркеле береді. Мамандардың айтуынша, желілік маркетингтік компанияларда әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен қыз-келіншектер, студенттер мен зейнеткерлер жұмыс істейді  екен. Бұл бизнес түріне қатты қызығатын  қаржылық сауаты аз, бизнестен хабары жоқ адамдар екені бесенеден белгілі.

 

Қаржы пирамидасының белгілері 

1. Нарықтағы деңгейден бірнеше есе жоғары табысқа кепілдік береді. Әдетте заңды инвестициялық компаниялар жоғары кірістілікке кепіл бере алмайды. Бұған заңнамада рұқсат етілмейді. Ал біреулер  100 пайыз мол пайда табасыз  деп уәде берсе, онда бұл алаяқтық белгісі.

2. Ұйымға кірген әрбір клиентке сыйақы берем деп уәде етеді.

3. Қажетті лицензиясы болмайды. Онда сіздің құқығыңыз бен мүддеңізді ешкім қорғай алмайды деген сөз.

4. Компанияға мүше болу үшін міндетті түрде жарна төлеуді міндеттейді.  Бұл қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар үшін негізгі табыс көзі.

5. Қаржы пирамидасының өз қаражаты, қымбат активтері жоқ. Егер бағалы мүлкі, капиталы болса, салымшылардың ақшасын қайтаруға болар еді.

6. Әлеуметтік желілерде жарнаманы көп береді. Жарнама аз уақытта көп адам тартып,  өз құрылтайшыларына ғана тиімді мәлімет айтылады. Яғни бұл жерде жарнама берушілер клиенттердің  қандай тәуекелге барып, нендей қауіп-қатерге түсетінін ескертпейді.

7. Компанияның нақты немен айналысатыны құпия болып келеді. Өйткені қаржы пирамидасының ерекше белгілерінің бірі – құрылтайшылары мен басшылары шетелде тұрады және шетел азаматы болады.

8. Жеке кездескенде ғана ақыл-кеңес береді. Өйткені мұнда түрлі психологиялық амал-тәсілдерді қолданып, адамның сеніміне кіру оңай.

9. Келісімшартқа ойланбай тез қол қоюды сұрайды. Сондықтан асығыс шешім қабылдап, өкініп қалмау үшін  үлгісін сұрап алып,  мұқият оқып шыққан дұрыс. Құжаттың заңды күшінің бар-жоғын білу қажет.

10. Компания әдетте корпоративтік шараларға, сыйлықтар мен жолдамалардың ұтыс ойынына қатысуға жиі шақырады. Бұл – қаржылық пирамидаға жаңа салымшыларды тартудың әдісі.

Президент Қ. Тоқаев былтыр «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы» Заңға қол қойды. Онда қаржылық пирамидалардың схемасын жасағаны үшін жауапкершілікті күшейту және жарнамалағаны үшін жауапқа тарту қарастырылған.

 

Шаргүл Қасымханқызы