Тараздықтар халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтті
Халықаралық балаларды қорғау күнінде Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына барды.
Аймақ басшысы балаларды қорғау күніне арналған мерекелік концерттің құрметті қонағы болып, тәрбиеленушілердің өнерін тамашалады.
— Бала – біздің болашағымыз. Бұл күн – жадыраған жаздың алғашқы күніндегі ең көркем, ең мейірімге толы мереке. Өйткені, бұл күн сыңғырлаған сәби күлкісі мен балдырғандардың тәтті қылығымен ерекшеленеді. Біз ересектер балаларға әрдайым қамқорлық танытып, құқықтарын қорғап, мейірімді болуға, оларға ізгі жолды көрсетіп, жақсы тәрбие беруге тиіспіз. Осындай өнерлі және талантты балалардың қалыптасуы жолында еңбек етіп жүрген орталықтың тәрбиешілеріне алғыс айтқым келеді. Барша балаларды шын жүректен мерекемен құттықтаймын, армандарыңыз орындалып, өмір жолдарыңыз ашық болсын. Оқуда озат, үздіктердің қатарынан көріне беріңіздер, — деп облыс әкімі тілегін білдірді.
Нұржан Нұржігітов балаларға естелік сыйлықтар табыс етті.
Айта кетейік, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қолдау бойынша жүзеге асып жатқан «Мейірім» жобасы аясында облыстағы мемлекеттік мекемелері мен ірі кәсіпорындарының басшыларына осы орталықтың бірқатар тәрбиеленушілерін қамқорлығына алған.
Бұдан соң облыс әкімі Қ.Рысқұлбеков және Орталық саябаққа ат басын бұрды. Балалар мерекесіне орай облыс орталығында көрмелер, шығармашылық фестивальдер, спорттық жарыстар, қолөнер және сурет салу бойынша шеберлік сыныптары, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, тегін балмұздақтар таратылды.
Жамбыл облысы әкімдігі