Сүлеймен патша туралы аңыз
Таңның атысын көзбен көріп, биік таудан түсіп келе жатқан Сүлеймен патшаны етекте күтіп тұрған халқы ортаға алып, неше түрлі сұрақ қояды.
— Уа, патша, сен біз үшін жақсылықтың бұлағысың. Сенің сөздерің жүрекке жылу таратады. Сенің даналығың ақылымызға сәуле құяды. Сені тыңдай бергіміз келеді.
— Айтшы бізге, осы біз кімбіз?
Сүлеймен патша күлімсіреп, былай деген екен:
— Сендер — әлемнің жарығысыңдар. Сендер — жұлдызсыңдар. Сендер — ақиқат ғибадатханасысыңдар. Әрбіріңнің бойында ғалам бар. Ақылды жүрекке салып, өз жүректеріңнен сұрап, махаббаттарыңнан жауап алыңдар. Тәңірдің тілін білгендер асқақ!
— Өмірдің мәні неде?
— Өмір деген даңғыл жол, мақсат және марапат. Өмір деген махаббат биі. Адамның жаратылу мақсаты – гүл ашу. Дүниеге келу – әлемге жасаған ұлы сый. Сендердің өмірлерің ғаламның тарихы. Сондықтан өмір әр сөзден артық. Өмірді мереке деп қабылдаңдар. Өмірдің құны жоқ. Өмір деген бүгін. Ал, бүгіннің маңызы бүгінмен өмір сүруде.
— Неге бақытсыздық қыр соңымыздан қалмайды?
— Не ексең, соны орасың. Бақытсыздық – өздеріңнің таңдауың. Кедейлік – адамның ойлап тапқаны. Күйік – надандық жемісі. Айыптау арқылы күш-қуатыңды жоғалтасың. Құмарлықпен бақытты шашып аласыңдар. Ояныңдар! Жарлы деген өзін білмейтін адам. Жүрегімен Тәңірді таппағандар – панасыздар. Уақытын текке өлтіретіндер кедей болып қалады. Өмірді әуре-сарсаңға айналдырмаңдар. Тобырға жаныңа жара салуға жол берме. Байлық қарғыстарыңа айналмасын.
— Бақытсыздықты қалай жеңеді?
— Өзіңді кінәлама. Өйткені, сен таңғажайып жаратылыссың. Салыстырма, бөлме. Басыңа түскен әр іс үшін алғыс айт. Қуана біл. Қуаныш ғажап нәрселерді жасай алады. Өзіңді жақсы көр. Өйткені, өзін жақсы көрген өзгені де жақсы көре алады. Қауіпті жағдайға бата айту керек. Сонда батыл жүректер қайсарлыққа толады. Қуанышта дұға қыл. Сонда бақытсыздық айналып өтеді. Дұға қыл, бірақ Құдаймен саудаласпа. Мадақтау ең жақсы дұға, ал бақыт жан үшін ең тәтті азық.
— Бақытқа апарар жол қайсы?
— Шын сүйгендер мен риясыз ризашылық білдіретіндер бақытты жандар. Жан тыныштығын тапқан адам бақытты. Жан түкпірінен жұмақты тапқандар бақытты. Қуанышпен сыйлайтындар, қуанышпен сый қабылдай алатындар бақытты. Іздегендер бақытты. Оянғандар бақытты. Тәңірдің дауысын естігендер бақытты. Өз тағдырына адал адам бақытты. Бірлікті түсінгендер бақытты. Құдайды тануға тырысқан адам бақытты. Үйлесіммен өмір сүретіндер бақытты. Әлемнің сұлулығын көре алғандар бақытты. Күнге көзін ашқандар бақытты. Өзендей аға білетіндер бақытты. Бақытты ала білетіндер бақытты. Көреген адам бақытты. Өзін танығандар бақытты. Өзін жақсы көрген жан бақытты. Өмірді мақтағандар бақытты. Өмірді тудырушылар бақытты. Еркін өмір сүретіндер бақытты. Кешіре білетіндер бақытты.
— Берекенің құпиясы неде?
— Адамның өмірі — Құдайдың ең ұлы асылы мен қазынасы. Ал, Құдай – адам жүрегінің асылы. Ішіміздегі байлық сарқылмас қазына. Айналамыздағы молшылық шексіз. Әлемнің байлығы әр адам бай болуға жетерлік. Сондықтан берген сайын бай бола бересің. Бақыт сенің үйіңнің табалдырығында тұр. Берекеге есік аш. Қолға түскен әр нәрсені өмір сыйлаған алтын деп қабылда. Жан дүниесінен қазына тапқан адам бақытты.
— Қалай өмір сүру керек?
— Өмірдің әр сәтінен құшырлана дәм тат. Өйткені, дәм татпаған өмір қайғы тудырады. Ішіңде не болса, сыртыңда да сол. Әлемнің қаратүнегі сендік жүректің қаралығынан. Адам — Күннің дәні. Бақыт — Күннің атуы. Құдайды тану — жарыққа сіңісу. Есею — мыңдаған күннің шұғыла шашуы. Жарықты көруге асыққандар биік.
— Үндестікке қалай қол жеткізеді?
— Қарапайым өмір сүр. Ешкімге зияныңды тигізбе. Қызғанба. Көреалмаушылықты санаңа жақындатпа. Күдік тазаласын жаныңды. Жайсыздық әкелмесін. Өмірді сұлулыққа арна. Шығармашылық мадақ үшін емес, ғажап үшін екенін түсін. Ет жақыныңа жаның ашық болсын. Өткеніңді тез ұмыт. Тек жақсылықты есте сақта. Әлемге жаңалық әкел. Тәнің сүйіспеншілік бесігі болсын. Сезімнің қуатына айнал. Өйткені, махаббат бәріне рух кіргізеді. Махаббат бар жерде Құдай бар.
— Өмірдің кереметіне қалай қол жеткізеді?
— Бақытты адам айналасына шуақ шашып жүреді. Бақытсыздар құл
болып өтеді. Өйткені, бақыт азаттықты сүйеді. Еркіндік бар жерде қуаныш бар. Бақытты болу өнерін меңгер. Дүниеге жүрегіңді аш, сонда дүниеде саған құшағын ашады. Қарсыласудан бас тартқан адам өміріне ие болады, — дейді Сүлеймен айналасына мейіріммен қарап, сөзін былай деп жалғастырады, — көп шындықты үнсіздіктен естисіңдер, тек өз жүрегіңе сатқындық жасама. Сонда үйлесіммен өмір сүресің! Өз меніңді сыйлап үйрен!