ҚАРАЛЫ ЖИЫН жазықсыз жапа шекендерге арналды
31 мамыр – Қазақстан тарихындағы ең қасіретті беттердің бір. Бұл күні барша қазақ жұрты кешегі кеңстік солақай саясаттың құрбандарын аза тұтады. Сол бір зұлматты жылдары миллиондаған адамдар саяси қуғын-сүргін мен алапат ашаршылықтан қырылды. Тірі қалғандары елден жыраққа кетті…
Зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 20 мыңы атылды.
Қазақстан аумағында ГУЛАГ құрылымының ең ірі лагерлері — АЛЖИР, Степлаг, Карлаг болды. Республика бір үлкен түрмеге айналды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстанның лагерьлеріне 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Кейбір мәліметтерге сәйкес, тұтқындардың жалпы саны бұл көрсеткіштен едәуір асып түседі.
Сол бір қаралы жылдарды кейінгі ұрпақ санасында жаңғыртып, жазықсыз жапа шеккен жандардың есімдерін еске алып отыру мақсатында елімізде 1997 жылдан бері жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып өтіледі. Бұл іс Сәтбаев қаласында биыл да жалғасын тапты. Қалының орталық алаңында қаралы жиын өтті. Оған қаламыздың зиялы қауым өкілдері, жастар мен шаһар жұртшылығы қатысты.
– Азалы күндерден сабақ алып, мұндай нәубеттің келешекте қайталануына жол бермеу – баршамызға ортақ парыз. Біз ауыр сынаққа төтеп берген, ұлт бірлігін сақтап қалған және асыл қасиеттерін жоғалтпаған ата-бабамыздың үмітін ақтауымыз қажет, – деді қаралы жиында сөз алған қала әкімі Шапағат Әубәкір.
Митингіде сондай-ақ, кенші, ақын Мұса Тілеуов сөз сөйлеп, кешегі жұлмат жылдарында халықтын қалай жапа шегіп, үрейлі күндерді қалай бастарынан өткергендігі жөнінде көнекөздерден естіген әңгімелерін айтса, осы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып, жазықсыз жалаға ұшырап, атылып кеттен жерлесіміз, ақын, сазгер, ұлт мақтанышы Тайжан Қалмағамбетовтың ұрпағы Күнтуған Қалмағамбетов сөз алып, кейінгі ұрпақтың мұндай зұлматты көрмеуін тіледі.
Қаралы жиын соңы саяси қуғын сүргін мен ашаршылық құрбандарының рухына құран бағыштаумен аяқталды.
Ізтай Белгібайұлы.
Суреттер автордікі.