Ауылды дамытқан азаматтар
Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Бойында патриоттық рухы бар осындай азаматтар, дәлірек айтсақ, 2003 жылы Алғабас орта мектебін бітірген 1986 жылғы түлектер Өрнек ауылының кіреберісіне еңселі арка орнатты. Арканың биіктігі 6,40 метр болса, ені 12 метр. Ол бағалы фибробетон, травертин, гранит сынды құрылыс материалдарынан құрастырылған. Құрылыс жұмысы мен материалына 2 миллион 350 мың теңге жұмсалған.
Белгілі театр режиссері К.Станиславский «Театр – киім ілгіштен басталады», деп айтқанындай, ауыл ажары ауыл қақпасынан басталары сөзсіз. Олай дейтініміз, білім ордасын бітіргендеріне 20 жыл болған түлектердің ұйымдасуымен осы бір игі іс ауыл келбетін көркейтіп, еңсесін көтере түскені хақ.
Бұл арканың орнатылуына, оның құрылыс жұмыстарына Нұрслан Шарипбаев, Ержан Маткеримов, Алмас Қадыров, Ержет Байсеитов және басқа да белді азаматтар өз үлестерін қосты. Түлектердің туған жерге деген сыйы мұнымен шектеліп қалмақ емес. Алдағы уақытта арканың қасынан демалыс орындығы (беседка) мен гүлзарлар орнату жоспарланып отыр.
Арканың ашылу салтанатына ауыл тұрғындары қатысып, мектеп түлектеріне деген ізгі тілектерін жеткізді. Оның лентасын ардагер ұстаз Кенжебай Аманқұлов қиды. Өз сөзінде ол ауыл жастарының мұндай үлгілі бастамасы жалғасын тапса деген ізгі ниетімен ақ батасын берді. Сондай-ақ, бұл күні түлектер сондай-ақ, құран бағыштап, ас таратты.
Диас ҚҰЛИБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы өңірлік университетінің 2-курс студенті.
Т.Рысқұлов ауданы