Облыс әкімі дала және орман өрттерін болдырмау үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды

Жамбыл облысында кейінгі үш жылда 50,0 млн ағаш егілді, бұл көрсеткіш күзгі ағаш егу және тұқым себу жұмыстарын қосқанда 65,5 млн-ға дейін өсетін болады.

Бұл туралы аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте сараланды.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев баяндама жасап, орман шаруашылығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Бүгінде облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 млн. 427 мың га болса, оның орман ағаштары көмкерген жерлері 2 млн. 357 мың га құрап отыр. Орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр.

Жамбыл облысында 2021-2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы бекітілген кешенді жоспарға сәйкес облыс аумағында 140 млн ағаш егілуі тиіс болатын.

Жоспар аясында 2022 жылдың көктем айларында 5190 га жерге 15,3 млн. дана ағаш көшеті отырғызылып, 250 га жерге 253 мың дана орман толықтыру жұмыстары орындалған.

— Ағымдағы жылдың көктем айларында 5670 га жерге 16,6 млн. дана орман отырғызу және 350 га жерге 345 мың дана орман толықтыру жұмыстары орындалу қажет болған. Алайда, вегетациялық кезеңнің басталуына байланысты тек 5330 га аумаққа 15,6 млн көшет отырғызылды. Осылайша жоспар 94 пайызға орындалды, қалған 340 га алқаптар орман егу жұмыстары күз айларында толық орындалатын болады,-деді Олжас Баққараев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы орманды қорғау бойынша қолға алынған жұмыстарды да тілге тиек етті. Оның айтуынша, орман қорындағы орманшылықтарда 34 өрт бақылау мұнаралары жұмыс жағдайына келтіріліп, өрт қауіпті аумақтардағы 61 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер құрылған.

Облыстың орман қорын өрт қауіпті маусымы бойы, Мойынқұм ауданында орналасқан «Қазавиа орман күзеті» РМК 1 ұшағы мен 1 тік ұшағы арқылы әуеден бақылау-мониторинг жұмыстарын жүргізуде.

— Мекемелер бойынша орман қорғау қызметкерлерінен өрт сөндіруші топтарда 557 адам және 1-ші, 2-ші орман өртін сөндіру станцияларында 258 өрт жасақшылары құрылған. Өрт сөндіру жасақшылары нысаналы формалармен қамтамасыз етілген және арнайы оқудан өткізілген.

Орман қорын күзетуге 72 бірлік жеңіл автакөлік орман шаруашылығы мекемелерінде кезекшіліктерге қойылған,-деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылы орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын толықтыру мақсатында 280,0 млн. теңге қаражат қарастырылып тиісті техникалар мен агрегаттар алу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде қажетті техникамен қамтылуы көрсеткіші 78 пайызды жетіп отыр.

Жалпы, соңғы үш жылда облыстық бюджеттен 583 млн теңге бөлініп, 21 трактор, 14 автокөлік және 183 дана агрегаттар алынған.

Облыс әкімі тиісті басқармаға Тараз қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп дала және орман өрттерін болдырмау мақсатында тиісті шараларды қабылдау керектігін, «Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу және мал жаю қағидаларына» енгізілген өзгерістерді шаруашылықтарға кеңінен түсіндіру маңыздылығын атап өтіп, нақты міндеттер жүктеді.

Сонымен қатар, аймақ басшысы жауаптыларға орман шаруашылығы мекемелерінің техникалық базасын жаңарту жұмыстарын жалғастыруға бюджеттік өтінім беруді қамтамасыз етуді тапсырды.

Жамбыл облысы әкімдігі