Сағыз шайнату
Бұл салт жүкті әйелге қатысты. «Іштегі бала шымыр болсын» деген ниетпен аяғы ауыр келінге сағыз шайнатқан. Ақ жол Бұл салт бойынша, өзінің еріне адал, шын берілген, өтірік айтпаған әйел ауырған адамның үстінен үш рет аттаса, ол адам жазылады, деп сенеді. Атталған ауру адам жазылып шықса, ол әйел «шын қасиетті» делінеді. Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романында бұл әдет-ғұрып туралы айтылады.
Жұмалық
Бұрындары жұма күні молдаға одан дәріс алып жүрген шәкірттері сыбағаға ет, қымыз, май, құрт әкелетін болған. Оны халық жұмалық деп атап кеткен. Кей дереккөздерде ер адамның жұма күні әйелінің қойнында еркектік парызын өтеуді де жұмалық деп санайды екен.
Жарыс қазан
Бұл — екіқабат әйелдің қиналмай босануы үшін жасалатын ырым. Ол үшін әдейі сақтап жүрген сүр етті асады. Осы ет піскенше әйел де жарыса тез босанады деген сенім қалыптасқан. Ай-күні жеткен жүкті әйел қатты толғатып, толғақ жилей бастағанда, сол ауылдағы пысық әйел отқа, ошаққа жарыс қазан асады да, қуырдақ қуыра бастайды. Жарыс қазан асудағы себеп қазанмен бірге толғақ жилейді, тамақтан бұрын бала туылады деп ырымдағаны. Егер әйел босана алмай одан ары қиналса, жарыс қазан асып отырған әйел қолына қара пышақты алып «қара қазан бұрын пісе ме, қара қатын бұрын туа ма?» деп, қолындағы пышақты қазанға жанып-жанып зіркілдейді. Қазақ мұны «жарыс қазан» деп атайды.
Мойнына бұршақ салу
Қазақтың ертеден келе жатқан ғұрпы. Ертеде баласы жоқ адамдар немесе балаға зар болып жүрген адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып Алла Тағаладан перзент сұрап жалбарынған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады.