Азаттық оңай келген жоқ!
Ата – баба аңсаған азаттыққа жету жолында ерен еңбек сіңірген ерлер көп. Соның бірі және бірегейі елбасы, тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев! Мұны ұмытып, болмаса жағымпаздыққа балап, қыңырлыққа салыну – болар елдің баласының ісі емес. Себебі Ресей секілді алып империяның «құшағынан» босап шығу үлкен табандылық пен шыдамдылықты, қажырлылық пен қайраттылықты талап ететін еді. «Өзгелер теңдік алды ғой, онда бізге не жорық? Басқадан қалмай азаттық алуымыз заңдылық! Және тәуелсіздікті ең соңында алдық қой!» дейтіндер бар. Оларға айтарым: Бұл жерде мынаны ескерген дұрыс. Басқа республикалардан Қазақияның географиялық орналасуы бөлек. Одан кейін патшалық Ресейдің сан ғасырлық отарлау саясаты құрсаулап алған даланың – еңсесі езіліп, халқының ұнжырғасы түсіп, тілі шұбарланып шегіне жетіп тұрған болатын. Солтүстігі сыңсыған орыс-орманнан, батысы казак әпербақандарының іс-әрекетінен «қызуы көтеріліп» дел-сал болып тұрған уақытта, әліптің артын бақпасқа шара да жоқ-тын. Әйтпесе соғыс өртінің тұтанып кету қаупі мол еді. Осындай екіталай кезеңде, саясаттың арғымағын ерттеп мініп, демографиялық хал-ахуалы мүшкіл, эконмикалық жағдайы нашар, алтын қоры жоқ , аяғын тәй-тәй басқан қазақ мемлекетін, топ бастаған көк серкедей қиындық өткелінен шығынсыз алып өту бақыты тұңғыш президенттің маңдайына жазылғанын, біз мойындамасақ та, кәрі тарих өз бетіне алтын әріппен жазып қойды. Міне, тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында біз осындай ерен ерліктерді, жанкешті қадамдарды сөз етіп, ел іргесінің беки түсуі үшін, ынтымағымызды артыра түсуіміз керек-ақ!
Құрметті сайт оқырмандары, мүшел жасқа толып жатқан мерекеміз құтты болсын! Ауызбірлігіміз мығым, татулығымыз ағайынға жұғымды болсын! Ел іргесі берік, даламыздың түрленуіне, тәуелсіздігіміз көрік берсін! Халқымыз аман, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болсын! Әмин!
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері,
«ЕлАна» қоғамдық-танымдық сайтының бас редакторы